Бас прокуратура жанынан Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі консультативтік кеңес құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаевтың бұйрығымен Бас прокуратура жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі консультативтік кеңес құрылды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңестің құрамына көрнекті қоғам қайраткерлері және беделді мамандар енді, олардың тәжірибесі, кәсібилігі және белсенді азаматтық ұстанымы кеңестің алдында тұрған жауапты міндеттерді жемісті шешуге септігін тигізеді. Олардың құрамында депутаттық корпустың, ғылыми ортаның, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.
Консультативтік-кеңесші органның негізгі міндеттері ретінде - еліміздегі заңдылықтың жай-күйін арттыру, мемлекеттің құқықтық саясатын жүргізуге көмек көрсету, прокуратураның үкіметтік емес ұйымдармен және тұрғындармен өзара қарым-қатынасын дамыту және одан әрі жетілдіру белгіленген.
Кеңес заңдылықтың үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалуының кепілдігін арттыруға, прокуратура қызметіне қоғамдық бақылауды күшейтуге ықпал ететін болады.
«Қоғамдық институт азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенім деңгейін арттыру және қоғамды толғантатын өзекті мәселелерді шешу жолындағы пәрменді құрал болмақ», делінген хабарламада.