Бас прокуратура жауап алу үшін Әблязовты елге шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Мұхтар Әблязовты жауап алуға шақыртты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Күдікті Әблязов Мұхтар Қабылұлы, Сізге 2018 жылғы 16 тамыз сағат 15.00-ге дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының әкімшілік ғимаратына Жедел-тергеу тобының басшысы - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының көмекшісі Бекжан Ермұханбетұлына келу керек. Мекенжайымыз: Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 14»,- делінген М. Әблязовқа арналған үндеуде.
Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 208-бабы, 1-бөлігіне сәйкес, күдіктіден жауап алу үшін арнайы шақырту жіберіледі.
«Бас прокуратура Мухтар Әблязовке қатысты аса ауыр қылмыс жасау фактісі бойынша қылмыстық істі тергейді. Тергеу барысында Е.Н. Татишевті қасақана өлтіруді ұйымдастыру мақсатында жасалған заңға қайшы әрекетті анықтауға мүмкіндік беретін дәлел табылды» делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Алайда Әблязов М.Қ. Қазақстаннан тыс елде жүргендіктен және Қазақстанға келуден жалтарғандықтан, ҚР Бас прокуратурасы күдіктіні жауап алуға шақырту үшін еліміздің және дәл қазір Әблязов жүрген Францияның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру жариялады.