Бас прокуратура жетім балаларды қамқорлығына алушылар мен патронат тәрбиешілерге төлемдерді арттыруды ұсынды

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан алқа мәжілісінде ҚР Бас прокуратурасы Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты бақылау бойынша департаментінің бастығы Қанат Сейдғапбаров мәлім етті.
Оның пайымдауынша, патронаттық тәрбие беру жүйесін дамыту керек. «Қамқорлығына алушылар мен патронат тәрбиешілерге төлемдерді арттыру арқылы интернаттық мекемелерде жетімдердің санын төмендетуге мүмкін болар еді»,-деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстанда ата-анасыз қалған 34 мың баланың тек 2 мыңы немесе 6 пайызы ғана патронаттық тәрбиеде. Бұған қамқорлыққа алу мен патронаттық тәрбие берудің жеткіліксіз деңгейде қаржыландырылуы себеп болуы мүмкін. Мәселен, интернаттың бір тәрбиеленушісіне ай сайын 70 мың теңгеден астам қаржы қарастырылады. Ал, қамқорлыққа алушыларға бір бала үшін 17 мың теңге, сондай-ақ патронат тәрбиелеушілерге 27 мың теңге бөлінеді екен.