Бас прокуратурада Азаматтарды қабылдау орталығы ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас прокуратурада Азаматтарды қабылдау орталығының ресми түрде ашылды. Орталық бұрыңғы бақылау-өткізу пунктінің орнында бой көтеріп, «бір терезе» принципі негізінде жұмыс жасауда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі .
Онда кезекші прокурорлар азаматтарды қабылдауын жүргізеді, сондай-ақ, кеңес беріп, өтінішерді жазу барысында көмек көрсетеді. Сондай-ақ, азаматтарды барлық деңгейдегі прокуратура басшыларының қабылдауына жазылуға мүмкіндік көзделген. Азаматтар өтініштерінің қаралу барысы жайлы ақпарат пен жауаптардың көшірмелерін ала алады.
Орталыққа Бас Прокурордың аға көмекшісі Сағатбек Сүлеймен басшылық жасайды.
Азаматтарды қабылдау орталығы күту орындарымен және электрондық кезекпен жабдықталған. Келушілердің жайлылығы үшін кофе-аппараты мен диспенсер орнатылған.
Сонымен қатар залда қабылдау кестесі мен ережелері, сондай-ақ, өтініштердің үлгісі бар ақпараттық тақтайшалар ілінген.
Орталық жұмысын қонақтарға таныстыру барысында С.Сүлеймен: «Бас Прокурор Жақып Асановтың тапсырмасымен үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап тестілік режімде жұмыс жасай бастаған Азаматтарды қабылдау орталығы құрылды. Біз бүгін ресми түрде оның тұсауын кесіп отырмыз. Бұл халықпен жұмыс жасаудың сапасын жақсартудағы қадамдардың бірі және бірегейі болып табылады. Жылдың аяғына дейін өңірлерде де осыған ұқсас жағдай жасауды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті.
Сонымен қатар АЕАжҚС комитетінің төрағасы Бағдат Мусин орталық құру туралы ойдың жүзеге асқаны туралы кеңінен тарқата өтті.
«Біздің қызметкерлер осы кеңістікті ең алдымен өздері сезінуі тиіс. Халыққа қызмет көрсету орталықтары секілді біз халыққа қызмет етуіміз керек, бұл үшін сервистік ахуал қалыптастыруымыз қажет және прокурорларда осыған бет бұрғаны жөн. Жақын арада іске қосылатын Құқық қорғау қызметінің орталығында да сервистік жетілдірудің ұсынатын боламыз», - деді Б.Мусин.
ҚР Бас прокуратурасының 115 сall-орталығы да жаңартулардан тыс қалмады, бизнес-процестер жетілдіріліп, персонал оқу курстарына өтті.
«Біз қызметімізді белсенді түрде жетілдіріп келеміз, әсіресе, бұл азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауға қатысты, оның ішінде 115 сall-орталығы арқылы келіп түскен өтініштер де бар. Өткен жылы 73 мыңнан аса қоңырау қабылданды, олардың әрқайсысы біз үшін өте маңызды және әрбір өтініш мұқият зерделенді», - дейді Бас прокуратураның Арыз-шағымдарды қарау туралы заңдардың қолданылуына қадағалау және іс жүргізу басқармасының бастығы Жанболат Туғанбаев.
Орталық есігі жұмыс күндері, дүйсенбі-жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін (түскі үзіліс 13.00-14.30) келушілерге ашық. Ол Астанадағы Мәңгілік Ел даңғылы 14 мекенжайындағы Бас прокуратураның ғимаратында орналасқан.