Бас прокуратурада Call-орталығы жұмыс істей бастады

АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында Call-орталығы жұмыс істей бастады және онда «115» телефон байланысы бойынша өтініштер қабылданады.

Бас прокуратурада Call-орталығы жұмыс істей бастады

Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Call-орталықтың негізгі міндеттері қылмыстар, хабарсыз жоғалғандарды іздестіру, тұлғаны заңсыз жеткізу және ұстау туралы арыздарды тіркеуден негізсіз бас тарту, бұдан өзге де конституциялық құқықтар мен қылмыстық үдерістегі азаматтардың бостандықтарын бұзу фактілері бойынша қылмыстық ізге түсу органдарының іс-әрекеттеріне, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу туралы, оның ішінде заңсыз тексерулерге қатысты, азаматтардың еңбек құқықтарын бұзу туралы, оның ішінде еңбекақы төлемеуге қатысты өтініштерді қабылдау және тіркеу болып табылады. Сонымен қатар, білім беру мекемелеріндегі кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер туралы, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде көрсетілген медициналық қызметтер үшін заңсыз төлем өндіріп алу фактілері туралы, прокуратура органдары, ведомстволары және мекемелерінің қызметкерлері мен жұмыскерлерінің сыбайлас жемқорлық сипаттағы іс-әрекеттеріне қатысты өтініштер де қабылданып, тіркелінеді.

Сондай-ақ, Call-орталық прокуратура органдары, ведомстволары және мекемелерінің қызмет мәселелері бойынша пікірлер мен ұсыныстарды қабылдауды, прокуратура органдарының мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін түсіндіруді жүзеге асырады.

Call-орталықта көрсетілген тізімге кірмейтін прокуратура органдарының қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық фактілерін қамтитын мәліметтерді қоспағанда, иесі көрсетілмеген немесе көрінеу дұрыс емес сауалнамалық деректер хабарланған, сондай-ақ мәселенің мәні баяндалмаған, қарау тәртібі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы, қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу заңнамаларымен белгіленген өтініштер тіркеуге жатпайды. Бұдан бөлек, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша наразылық келтіру туралы, сонымен қатар қылмыстар, оқиғалар немесе мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікке қауіп-қатер туралы өтініштер де тіркелмейді.