Бас прокуратурада Отан қорғаушылар мерекесі мен Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын өтті

АСТАНА. 6 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Бас прокуратурасында Жеңіс күніне және Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиналыс болып өтті.
None
None

Ұлы Отан соғысында шайқасқан және тылда жеңісті жақындатуға көмектескен прокуратура органдарының 19 ардагері мерекелік іс-шараның басты құрметті қонақтары ретінде қатысты.

Салтанатты жиналысты ашқан Бас прокурор Асхат Дауылбаев ардагерлерді Жеңістің 66 жылдығымен құттықтап, майдандағы және тылдағы ерліктері үшін оларға терең алғыс сезімдерін жеткізді. «Барлық ұрпақтар үшін 9 мамыр біздің халқымыздың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, қаһармандығы мен ерлігінің мәңгілік белгісі ретінде қалатын ерекше жарқын мереке. Халықтың ерлігі мен фашизмді жеңудің әлемдік тарихи мәнін ешкім де, еш нәрсе де төмендете алмайды. Сол бір отты жылдары біздің ардагерлеріміз - прокуратура органдарының қызметкерлері де барша халықпен бірге қаһармандықтың үлгісін көрсетіп, жарқын Жеңіске ерліктерімен жол салды. Прокуратура қызметкерлерінің жартысына жуығы соғысқа аттанса, олардың көпшілігі майдан даласынан оралмады. Көптеген ардагерлеріміз тыл еңбеккерлері ретінде соғыс кезінде аса қажетті жұмыстарды істеп, аянбай тер төкті. Ұрпақтар санасында әкелер мен аталардың ерлігі мәңгілікке қалады және бастарына түскен ауыртпалықты қайыспай көтеріп шыққандары, Жеңісті жақындатуға қолдан келгеннің барлығын жасағандары, балалары, немерелері мен шөберелерінің бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқандары үшін олар ризашылық білдіреді», - деді А. Дауылбаев.

Зор құрмет және ризашылық белгісі ретінде Бас прокурор соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ведомстволық наградалар мен құнды сыйлықтар тапсырды. Ардагерлер өздерінің жас әріптестерін құттықтап, прокурорлардың жас буынына Отан үшін от кешкендерді есте сақтап, соларға лайықты қызмет істеуді, прокурорлық кәсіптің жақсы дәстүрлерін сақтауды және дамытуды тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Отан қорғаушылар күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Бас прокурор Асхат Дауылбаевқа 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені және Бас прокурордың орынбасары Берік Асыловқа 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені тапсырылған болатын. Бұдан бөлек, мінсіз қызмет еткендері және заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге үлес қосқандары үшін Бас прокурор прокуратура органдарының 82 қызметкеріне ведомстволық наградалар табыс етті. Сонымен қатар ардагерлердің Астанадағы мерекелік бағдарламасында «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, олар Бейбітшілік және келісім сарайындағы мерекелік концертке қатысты.

Соңғы жаңалықтар