Бас прокуратурада прокуратура органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиналыс болып өтті
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Бас прокуратурада прокуратура органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиналыс болып өтті.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бас Прокурор әріптестерін құттықтай тұрып, оларға прокуратура органдарының алдында тұрған жауапты міндеттерді орындауда одан әрі табыстар тіледі. Ол конституциялық заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісінде, Мемлекет басшысының прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыру, құқық қорғау органдарын жаңарту жөнінде берген тапсырмаларын жүзеге асыруда прокуратура органдарына ерекше орын бөлінетінін атап өтті. Қазіргі уақытта прокурорлар өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты орындауда.
Мереке құрметіне орай кіршіксіз қызметтері мен өз міндеттерін үлгілі орындағандары үшін прокуратура органдарының бірқатар қызметкерлеріне сыныптық шендер беріліп, ведомостволық наградалармен марапатталды.
Бүгін кешке астаналық Конгресс-холда прокуратура қызметкерлерінің құрметіне арналған мерекелік концерт болады.