Бас прокуратураға сайлауға қатысты арыз-шағымдардың дені «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорынан түскен
АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Сайлау кезеңінде арыз-шағымдардың басым бөлігі прокуратураға «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорынан түсті.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Сайлау кезеңінде, дауыс беру күнін қоса алғанда (104) прокуратура органдарына 536 арыз-шағым түсті, олардың 64-і Парламент Мәжілісі, 472-сі - мәслихаттар сайлауына қатысты.
«Заң бұзушылықтар туралы ақпараттардың негізгі бөлігі тиісті тексерулер барысында өз дәлелін тапқан жоқ»,-деді ресми өкіл.
Заң бұзушылықтар туралы хабарламалар жекелеген жағдайларда ғана негізді және шынайы болып шықты. Әрбір осындай факт бойынша заңнамамен қарастырылған шаралар қолданылды.
«Талдау заңбұзушылықтар туралы арыз-шағымдардың басым бөлігі (60 немесе 11 %) прокуратураға Бақытжан Төреғожина басқаратын «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорынан түскенін көрсетті. Аталған арыз-шағымдар бір мезгілде интернет-сайтқа орналастырылып, «заңбұзушылықтар картасына» жинақталған. Дауыс беру күнінің соңында аталған интернет-картада сайлау заңнамасының бұзылуы туралы 300-ге жуық хабарлама орналастырылған. Қазірге біз олардың 296-сын тексердік», - деді Н. Сүйіндіков.
281 жағдайда (немесе 95 %) сайтта орналастырылған ақпарат дәлелденген жоқ, алайда сайт әкімшілері тиісті хабарламаларды орын алған заңбұзушылықтар ретінде ұсынған.
«Дей тұрғанымен, тексерулер сайтта жарияланған хабарламалардың басым бөлігі сенімсіз және жалған екендігін көрсетті», - деп түйіндеді ресми өкіл.