Бас прокуратураны мүмкіндігі шектеулі балалардың жайы алаңдатып отыр ? С.Нұрпейісов

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздің көптеген аймақтарында мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты статистикалық мәліметтер бұрмалануда.

Бас прокуратураны мүмкіндігі шектеулі балалардың  жайы алаңдатып отыр ? С.Нұрпейісов
Соның салдарынан көмекке мұқтаж балалар мемлекеттің қолдауын сезіне алмай отыр. Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов журналистермен болған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, Бас прокуратура бұл мәліметтерді республикамыз бойынша мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты заңнамалардың 2007-2008 жылдар аралығында орындалуына орай жүргізген тексеру жұмыстарының барысында анықтаған. «Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылдың қаңтар айының 1-індегі мәліметтері бойынша, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалар саны 149 мың 246 адамды құрайды екен. «Бұл республикамыздағы кәмелетке толмаған азаматтардың 3,15 пайызы. Дегенмен қазір аталған мәліметтердің растығына күмән келтіруге болады. Соның салдарынан көптеген балалар тиісті көмектен қағылып отыр», - дейді ресми өкіл. Оның мәліметтеріне қарағанда, Ақтөбе облысында анықталған Е.Қоңыров атты азамат прокурордың араласуынан кейін ғана психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру есебіне қойылған. Тексеру барысында сонымен қатар балалардың психологиялық және дене бітіміне байланысты диагноздардың қате қойылғандығы анықталған. «Соның салдарынан кейбір балалар айықпайтын дертке душар болуда», - деді С.Нұрпейісов.