Бас Прокурор бірқатар қызметкерлерге міндеттерін мінсіз атқарғандары үшін ведомстволық наградалар тапсырды

АСТАНА. 6 мамыр. ҚазАқпарат - Бас прокуратурада Жеңіс күні және Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиналыс ерекше мерекелік жағдайда болып өтті.
None
None

Салтанатты жиналысты ашу барысында Бас Прокурор Асхат Дауылбаев ардагерлерге олардың майдандағы және еңбектегі ерліктері үшін ризашылығын білдіре отырып, Жеңістің 68 жылдық мерекесімен құттықтады.

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің арасында прокуратура органдарынан шайқасқа аттанғандар да аз емес, соғыстан кейін олардың көпшілігі өз өмірлерін қылмыспен күреске арнады.

А.Дауылбаев прокуратура органдарының ардагерлері Амантай Бәжеевке және Михаил Набатовқа «Мінсіз қызметі үшін» ведомстволық наградасын тапсырды. Ақсақалдар жас ұрпаққа қаза тапқан батырлардың естелігіне лайық болуды, прокурорлық кәсіптің үздік дәстүрлерін сақтау және көбейту жөніндегі тілектерін айтты.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен прокуратура органдарының бірқатар жетекшілері жоғары сыныптық шендер мен әскери шендерге, сондай-ақ жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды.

«Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаевқа 1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, Бас Прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельге 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шендері берілді. Бас әскери прокурор Ерғали Мерзадинов әділет генерал-лейтенанты шенін алды. Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асанов, Маңғыстау облысының прокуроры Сабыржан Бекбосынов, Қарағанды облысының прокуроры Асқар Секішев, Бас прокуратураның Департамент бастығы Нұржан Исақов 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі атанды»,-делінген ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінде.

Тәуелісіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет генералдық шен - 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені әйел адамға - Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаеваға берілді.

Бас әскери прокурордың орынбасары Құсайын Игембаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Бас әскери прокуратураның қызметкерлері Асхат Қазиев пен Нұржан Нұрахметов «Ерен еңбегі үшін» медальдарімен наградталды.

Бас Прокурор орталық аппараттың бірқатар қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғандары, заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлестері үшін кезектен тыс сыныптық шендер, ведомстволық наградалар және құрмет грамоталарын тапсырып, марапаттады.

Соңғы жаңалықтар