Бас прокурор Қазақстандағы ұрыларға қарсы «соғыс» ашты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас Прокурор Жақып Асанов Заңдылықты, құқықтық тəртіпті жəне қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстандағы ұрыларға «соғыс» ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Ұрылар бізді, яғни, құқық қорғау органдарын мазақ қылып жүр. Мысалы, Атыраудағы тұрғын үйлердің бірінде 2016 жылы 21 рет ұрлық тіркеліпті. 21 рет! Ал, сол үйдің бірінші қабатында полиция бөлімшесі орналасқан екен. Бұл мазақ емей немене? Бұлар бізді басынайын деді. Оларға қарсы ашық соғыс жариялау керек»,-деді Жақып Асанов.
Бас Прокурор сондай-ақ құқық қорғаушылар ұрлықпен күресте қазір мақсатсыз жұмыс істеп отырғанына тоқталды. «Сіздердің (құқық қорғаушылардың) баяндамаларыңызда мақсат жоқ. Мақсат болмаса, желкенсіз қайықтай, жел қай жаққа соқса, сол жаққа кете береміз. Біз үш жыл ішінде ұрлық фактісін белгілі бір көлемде азайтамыз деген мақсатты ұстанайық»,- деді Асанов.