Бас прокурор лаңкестік қылмыстық әрекеттері үшін сотталғандарды негізсіз ақтауға наразылық келтірді
АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - Бас прокуратураның арнайы прокурорлар тобы өткен жылы жазда Ақтөбе қаласында лаңкестік қылмыстар жасады деп айыпталған К.Ахметовтің тобына қатысты қылмыстық істі тергеді.
Бұл ақпаратты аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратып отыр.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының 2011 жылғы 30 қарашадағы үкімімен топ мүшелері К.Алпамысов және А.Саттаров қару-жарақты заңсыз алу және сақтау, жасалған аса ауыр қылмысты хабарламауға кінәлі деп танылып, жалпы режімдегі түзету колониясында 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Олардың әрекеттеріндегі қылмыс құрамының дәлелденбеуіне байланысты аталған тұлғалар Қылмыстық кодекстің 233-бабының 4-бөлігімен (лаңкестік), 233-2-бабының 2-бөлігімен (лаңкестік топтың қызметіне қатысу) ақталған. Ж.Нұртазин топ болып қару-жарақты заңсыз алғаны және сақтағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айыруға сотталып, лаңкестік және лаңкестік топтың қызметіне қатысу баптарымен ақталған.
Осы үкіммен топ мүшелері К.Ахметов, Т.Рахметов, Т.Сатыбалдиев, А.Әділшин, М.Калугер лаңкестік қылмыстар жасағандары үшін әртүрлі жазалау мерзімдеріне сотталған.
»Алпамысов, Саттаров, Нұртазиннің әрекеттерін негізсіз ақтау және қайта квалификациялауға қатысты Ақтөбе облысы прокуратурасының енгізген апелляциялық наразылығын облыстық соттың апелляциялық сатысы қанағаттандырусыз қалдырды. Облыс прокуратурасы сот актілеріне наразылық келтіру туралы Бас прокуратураға жүгінді және ол жоғары қадағалау органында қолдау тапты. Бас прокурор Жоғарғы сотқа істі қайта қарау туралы наразылық енгізді», делінген ақпаратында.
Ведомствоның атап өтуінше, 2012 жылғы 10 шілдедегі Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша сот қадағалау алқасының қаулысымен наразылық дәлелдері негізді деп танылып, толықтай қанағаттандырылды. Алпамысов, Саттаров, Нұртазинге қатысты сот актілерінің күші жойылды және сол сотқа өзге құрамдағы жаңа сот қарауына жіберілді.