Алматыдағы Hilton қонақүйі 2,9 млн теңге ғана салық төлеген – депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов коммерциялық жылжымайтын мүлікке кадастрлық құны бойынша салық белгілеуді ұсынды.

- Қазіргі ұсынылып отырған нұсқа бойынша сән-салтанат салығы тек жеке тұлғаларға салынбақшы.
Ал бізде коммерциялық жылжымайтын мүлікке салықты арттыру арқылы бюджетті толтырудың мүмкіндігі бар.
Бір мысал келтірейін. Алматыдағы 11 қабатты Hilton қонақ үйі қазір мемлекет меншігінде. 2019 жылы салынған. Сол кезде мемлекет 6 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлді. Сол қонақ үйі бухгалтерлік есеп бойынша 20222 жылы бар-жоғы 2,9 млн теңге төлеген. Сонда олардың есебі бойынша ғимараттың құны 200 млн теңге тұрады деген сөз. Менің ұсынысым, осы салық нормасын өзгертіп, кадастрлық құны бойынша салық белгілеу керек, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сұраққа қысқа ғана жауап қайырды.
- Сұрақ түсінікті. Біз кез келген конструктивті ұсыныстарды талқылауға әзірміз, - деді вице-премьер.
Айта кету керек, Салық кодексінің жаңа редакциясында ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегін 40 млн теңге деп белгілеу ұсынылып отыр.