Бас прокурор тәулік бойы жұмыс істейтін шетелдік соттарды үлгі етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық процесті жылдамдатуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жылдамдатылған процеске тоқталатын болсақ, мәселен, қылмыскер ұсталып, кінәсін мойындады. Осы ретте куәгерлер де бар делік. Дегенмен де, қылмыстық іс 15 күн бойы тергеледі, оған тағы қосымша 3 күн прокурор істі зерттеуге алады. Сот - 20 тәулікке дейін. Нәтижесінде, бір іске 40 күн уақыт кетеді. Осы мерзім аралығында жәбірленушілер, куәгерлер, күдіктілер әрбір есікті аралап жүреді. Бұндай істер ондаған мың болып есептеледі. Сансыз тергеулер орын алады, дәлізде босқа күтумен өтетін уақыттар байқалады. Осының барлығы адамдардың наразылығын тудыратыны анық»,-деді ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов ведомствоның алқа мәжілісінде.
Осы орайда ол дамыған елдердің тәжірибесіне тоқталды. Егер де барлығы анық болса, онда тұтқындалған адамды бірден сотқа алып барады.
«Сот тәулік бойы жұмыс істейді. Сол жерде прокурор да, қорғаушы да бар. Cот үкімі 3 тәуліктің үшінде жария болады. Осылайша, қылмыстық істердің 70 пайызға дейінгісі шешіледі. Барлық шаралар жылдам атқарылып, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болады»,-деді Бас прокурор.