Бас прокурор тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты бірқатар ұсыныстар жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына арналған ведомствоаралық кеңесте ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов бірқатар ұсыныстарды алға тартты.

Бас прокурор тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты бірқатар ұсыныстар жасады

«Қылмыстық кодекс бойынша бұрын ұрып-соқса немесе денсаулыққа жеңіл зиян келтірсе, онда полиция бір-екі күнде протокол толтырып, сот 24 сағатта шешім шығаратын. 2 жыл бұрын бұл әрекеттерді Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырдық. Не өзгерді? Зорлық-зомбылық болғанын жәбірленуші енді өзі дәлелдеуі тиіс. Сотқа жүгіну, экспертиза өту, куәлерді іздеу, қажетті қағаздарды жинау, адвокат жалдау - мұның бәрі жәбірленушінің өз мойнына артылды. Бұл міндеттен полицияны толық босаттық. Ашығын айтсақ, жазаны күшейтеміз деп, керісінше, бүлдіріп алған сияқтымыз», - дейді Бас прокурор.

Оның келтірген мәліметіне қарағанда, өткен жылы ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бойынша бар болғаны 627 адам сотталған. Бұл 2014-ші жылға қарағанда 37 есе аз. Алайда Бас прокурор «шын мәнінде зомбылық кеміген жоқ, оны дәлелдеу қиындап кеткен соң жұрт сотқа жүгінуді қойған» деген пікірді алға тартты. Осыған орай, Бас прокурор  ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиянды Әкімшілік кодекске қайтару керектігін айтады. Әйтпесе, зомбылық жасасам, мені ешкім жауапқа тартпайды деген түсінік қалыптасып келе жатыр.

«Екіншіден, Қылмыстық кодексте өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізгені үшін жауапкершілік көзделген. Бірақ, кімді өлімге жеткіздің - ересек адамды ма, әлде баланы ма, ол жағы ажыратылмаған. Жаза барлығына бірдей. Бұл дұрыс емес. Келешегі алда, ой-санасы толық бекімеген баланы өлімге жеткізсе, неге жаза бірдей болуы керек? Керісінше, оны қатайтуға тиіспіз. Сондықтан осы  бапта балаға қатысты арнайы жаза белгілеуді ұсынамыз», - деді ол.