Бас прокурор Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады

АСТАНА. Мамырдың 6-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін ҚР Бас прокуратурасында Жеңіс күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
None
None

Онда Бас прокурор Асхат Дауылбаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңістің 66 жылдығымен құттықтады. «Бұл шын мәнінде халықтық мереке. Біз 500-ден астам қазақстандықтың Кеңес Одағының Батыры атанғанын мақтанышпен айтамыз. Олардың екеуі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры болды. Мыңдаған адам соғыста көрсеткен ерліктері үшін ордендер мен медальдардың иегерлері атанды. Ұлы Отан соғысында біздің еліміздің мықты тыл болғандығын да ұмытпауымыз керек. Қазақстан майданды мықты жауынгерлермен, қару-жарақпен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Соғыс ардагерлерінің ішінде майданға прокуратура органынан аттанғандар да аз болған жоқ. Олардың көбі соғыс біткен соң да қылмыспен күресіп, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге ерен үлес қосты. Соғыс жылдарында жеңіске жетуімізге зор үлес қосқан тыл еңбеккерлері де аз емес. Сондықтан сіздерді шын жүректен Жеңіс күнімен құттықтаймын. Сіздердің ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз кейінгі ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге болып қала бермек»,-деді А.Дауылбаев.

Жиын барысында Бас прокурор Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ведомстволық наградалар мен құнды сыйлықтар табыс етті. Ардагерлер де өз кезегінде прокуратура саласының жас мамандарына ел басына күн туған сәттерде халқын қорғаған азаматтарды әрдайым есте ұстап, өз қызметтерін жетілдіре беруді тіледі.

Бүгінгі мерекеге арнайы белгіленген бағдарламада «Отан ана» монументіне гүл шоқтарын қою, Бейбітшілік пен келісім сарайында мерекелік концертті тамашалау және елорданың көрікті жерлерін аралау шаралары қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар