Бас прокурордың орынбасары ұшақ апатынан кейінгі тергеу жұмыстарына түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Әзербайжан ұшағының апатынан кейінгі сараптама жұмыстарына түсінік берді.

- Бұл апатқа қатысты еліміздің Көлік министрлігі тиісті мәлімде жасады. Сонымен қатар, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев егжей-тегжейлі мәлімет берді. Атап айтқанда, тергеу амалдары жалғасып жатыр, тергеу тобы құрылды. Онда ең тәжірибелі қызметкерлер қамтылған. Бірқатар сараптама белгіленді. Жалпы, бұл жұмыстар оңай емес, сондықтан қорытындысын күтіп отырмыз, - деді Ғ. Қойгелдиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын.
Бортта 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалды.
Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев ҚазАқпарат тілшісіне әуе апатын тергеудің алдын ала қорытындысы қашан белгілі болатынын айтты.
Жақында ҚР Көлік министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады.