Бас прокурордың арызы негізінде 208 ақпараттық материал экстремистік деп табылды - апталық брифинг

АСТАНА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында құқық қорғау органының өкілдері экстремистік бағыттағы 88 материалды айналымнан алды. Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті,

 Бас прокурордың арызы негізінде 208 ақпараттық материал экстремистік деп табылды - апталық брифинг

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Бас прокуратура қазіргі таңда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстан халықтарының бірлігін сақтау мен нығайту мақсатында сонымен қатар экстремизм идеяларын, оның ішінде әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік және діни өшпенділік тудыру фактілерінің алдын алу мақсатында тиісті шаралар жүргізуде.

«Бұл бағыттағы жұмыстарға жүргізілген сараптау жұмыстары әдетте экстемизмді насихаттау шараларының түрлі әдебиеттер мен кітапшаларды үндеулер мен өзге де материалдарды көпшілік арасында тарату арқылы жүзеге асырылатындығын көрсетті. Осыған орай прокуратура мұндай материалдардың таралуының алдын алу мақсатында тиісті шаралар қолдануда. Биылғы жылдың шілде айының 3-інде Бас прокурордың арызы негізінде Астана қалалық сотының шешімімен журналдар, кітаптар пен кітапшалар түріндегі 208 ақпараттық материалдар экстремистік әдебиет деп табылды. Осыған орай оларды Қазақстан аумағында таратуға тыйым салынды», деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, бүгін діни және ұлтшылдық өшпенділік пен алауыздықты тудырады деген себеппен шет елдік «Әл- Ваъй» журналының тарауына тыйым салынған. Сонымен қатар «Хизбут-Тахрир-әл-Ислами» діни партиясының 157 ақпараттық материалы мен радикалдық «вахабизм» идеологиясын насихаттайтын 22 материал және «Мұсылман бауырлар қауымдастығы» діни саяси ұйымының 2 материалы экстремистік әдебиеттер деп табылған.