Бас прокурордың төрағалығымен Қазақстан құқық қорғау органдары Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Отырыста қылмыстық ізге түсу және сот органдарынан жасырынып жүрген адамдарды іздестіру жөніндегі өзара әрекет ету және жалған ақша жасаушылықпен күресті күшейту мәселелері қаралды. Іздестіру жұмыстарының жай-күйі жазадан құтылмау қағидасын қамтамасыз етуіне әсер етеді.
Осыған орай, Кеңес мүшелері бұл бағыттағы өзара іс-қимыл деңгейін көтеру және бірлесіп атқарған қызмет нәтижелерін арттыру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Жедел-іздестіру шараларын жүзеге асыру нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 айы ішінде 4 мыңға жуық қылмыскер, соның ішінде, адам өлтіру мен қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 200-ге жуық күдікті, 40-тан астам ұйымдасқан қылмыстық топтардың басшылары мен мүшелері анықталды.
Жақында ведомствоаралық жедел іздестіру тобы кәсіпкер Сафинді ұрлап әкетіп, кейіннен өлтіргендері үшін сот шешімімен жазаға тартылып, ұзақ уақыт мемлекетаралық іздеуде жүрген Мұхамбедьяров пен Досаевты ұстады. 2004 жылы қасақана кісі өлтіргені үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген Қазақстанның азаматы Мәмбетов Испания аумағында ұсталып, оған қатысты экстрадициялық шаралар басталды.
Сонымен қатар, осы сұрақ төңірегіндегі мәселелер қылмыскерлердің тергеу мен сот органдарынан жасырыну мүмкіндіктерін азайтуға бағытталған қосымша шараларды қабылдауды талап етеді.
Үйлестіру кеңесінің отырысында алдын алу жұмыстарын жете ұйымдастыру, айыпталушылардың тергеу мен соттан жалтаруының алдын алу үшін тиімді жұмыс істейтін тетік құру қажеттілігі аталды. Ол үшін құқықтық негіз ретінде жедел деректермен алмасу үдерістерін жақсартуға септігін тигізетін бірлескен нормативтік құжат қабылдау мәселесі шешілді.
Отырысқа қатысушылар жалған ақша жасаушылықпен күрес мәселесін де қарады. Қылмыстың осы түрін анықтаудағы оң қарқын атап көрсетілді.
Талқылау нәтижелері бойынша аталған әлеуметтік қылмыстарға қарсы әрекеттер қолдану іс-шаралары көзделді. Шетелдік құқық қорғау және арнайы қызметтерімен қызметтік байланыстарды кеңейту үшін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне еліміздің «Жалған ақша жасаумен күрес жөніндегі Халықаралық Конвенцияға қосылу туралы» заңнама жобасын Парламентке енгізу жұмыстарын жеделдету ұсынылды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.