Бас прокурорға Инвестициялық омбудсменнің өкілеттігі жүктеледі - заң
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды ҚР Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстанның сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заң мен оған іліспе құжат мақұлданды.
Бұл заңдар қолданыстағы заңнаманы Конституцияның жаңа нормаларымен сәйкестендіруге, еліміздің сайлау жүйесін одан әрі жетілдіруге, сайлау процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ прокуратура және басқа да салалардағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Жалпы, конституциялық реформаны іске асыру аясында бірқатар заңнамалық түзетулер енгізілді. Заң аясында 81 заңнамалық актіге, оның ішінде 15 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.
- Мәслихат депутаты бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша кері шақырылған жағдайда, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату рәсімін заңнамалық тұрғыдан реттеу депутатты кері қайтарып алу тәртібін реттеудегі құқықтық олқылықтарды жойып, азаматтардың өкілді билік институтына сенімін арттырады. Инвесторлардың құқықтарын қорғау саласында да маңызды реформалар аясында бірқатар заңға прокуратура қызметіне қатысты түзетулер енгізілуде. Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің құрылуы инвестициялық жобаларды іске қосудан бастап олардың толыққанды жұмыс істеуіне дейін инвесторларды нақты құқықтық қорғау жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадам болады деп санаймын. Бизнеске зиян келтірместен активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру мақсатында да өзгерістер қарастырылған, - деді сенатор Жанна Асанова.
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі тәрбиелік тәсілдерді жетілдіру, балалы және жүкті әйелдерді колонияларда ұстау жағдайларын жеңілдету бойынша түзетулер де қамтылды.
- Енгізілген нормалар әйелдердің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстау жағдайларын жақсартып, сондай-ақ әйелдердің босануын мекемеде емес, мекеменің орналасқан жері бойынша медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының перзентхана бөлімшесінде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады, - деді сенатор.
«Құрылтай» ұғымы енгізілді
Негізгі заңда заңнамалық актілерді жоғары өкілді органның бір палаталы жүйеге көшуіне байланысты («Парламент», «Парламент Палаталары», «Мәжіліс» және «Сенат» ұғымдары «Құрылтай» ұғымымен ауыстырылды) Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес келтіруге бағытталған және басқа да түзетулер енгізілді.
Заңда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін жасырын немесе ашық дауыс беру арқылы сайлау бөлігінде мәслихаттардың құзыреті нақтыланады. Сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутат кері шақырып алынған жағдайда, мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды регламенттеу бөлігінде түзетулер көзделеді.
- Заңмен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарында жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамы туралы мәліметтерді жариялаудың міндеттілігі енгізіледі. Аталған түзетулер мәслихат депутаты кері шақырып алынған жағдайда, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату рәсімін заңнамалық реттеуді, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарында жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамы туралы мәліметтерді міндетті түрде жариялауды қамтамасыз етеді, - делінген Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметінде.
Қазақстан Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 1125 Жарлығын іске асыру мақсатында («Инвесторлардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару саласында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы») бірқатар заңнамалық актілер мыналарға:
- инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі прокуратураның құзыретін күшейту және Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін құруға;
- инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге;
- инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруге бағытталған.
Атап айтқанда, Бас Прокурорға инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі функцияны бекіте отырып, Инвестициялық омбудсменнің өкілеттігі жүктеледі. Өңірлік деңгейде инвестициялық омбудсмен ретінде инвестициялық прокурорлар - облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар (астана және республикалық маңызы бар қалалар) өкілдік ететін болады.
Заңға сәйкес активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган болып Бас прокуратура айқындалады. Заңмен тізілімге енгізілген адамдарға қатысты банк құпиясын, сақтандыру құпиясын, микрокредит беру құпиясын және бағалы қағаздар нарығындағы құпияны құрайтын ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды ұсыну туралы активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның сұрау салуларына қол қоюға уәкілетті тұлғалар (Бас Прокурор не оның активтерді қайтару жөніндегі жұмысқа жетекшілік ететін орынбасары) тобы нақтыланды. Сондай-ақ, активті иемдену көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындауға уәкілетті тұлғалар тобы (активтерді қайтару жөніндегі жұмысқа жетекшілік ететін Бас Прокурор не оның орынбасары) нақтыланды.
Ілеспе заңдағы нормалар
Мемлекет басшысының 2025 жылғы 23 маусымдағы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында сотталғандарды Заң мен Тәртіп құндылықтарын сақтауға ынталандыратын прогрессивті тәсілдерді енгізу және оларды қоғамға қайта интеграциялау қажеттігі туралы берген тапсырмасын орындау үшін Қылмыстық кодексте бас бостандығынан айыру мерзімін шартты түрде қысқартуға арналған жаңа 73-1-бап енгізіледі. Мәселен, жаңа бапқа сәйкес бас бостандығынан айыруды өтеп жүрген адамға оның бір жыл ішінде тәртіптік жазасы болмаған кезде бас бостандығынан айырудың қалған өтелмеген мерзімі соттың шартты түрде бір айға қысқартуына жатады. Егер бас бостандығынан айыру мерзімін шартты түрде қысқарту қолданылған сотталған адам бас бостандығынан айыру мерзімін өтеу кезеңінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, онда сот бас бостандығынан айыру мерзімін шартты түрде қысқартудың күшін жояды.
Заңмен Қылмыстық-процестік кодекске енгізілетін түзетулер жаңа Конституцияның ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында қылмыстық процестің қағидаттарын, қылмыстық сот ісін жүргізу тілін нақтылауға байланысты болып отыр.
- Сотталған әйелдердің құқықтарын қорғау мақсатында Қылмыстық-атқару кодексінде алғаш рет сотталғандардың жалпы құқықтарынан орташа және барынша қауіпсіз мекемелердегі әйелдердің құқықтары бөлініп, ажыратылған. Түзетулердің маңызды блогы жас баласы бар сотталған әйелдерге, сондай-ақ жас баланы жалғыз тәрбиелеп отырған еркектерге қатысты. Қаралып отырған Заңның қабылдануымен аталған санаттағы адамдар жылына екi рет жас балалармен кездесу үшiн қауiпсiздiгi барынша төмен мекемелерден тыс жерлерге қысқа мерзiмдi шығуға құқылы болады, сондай-ақ бұл санаттар үшiн жас балалармен телефон арқылы сөйлесуге шектеулер алынып тасталады, - деп аталып өткен Сенаттың ақпаратында.
Мұнымен қоса, прокуратура қызметін жетілдіру аясында заңмен прокурордың нұсқауы мен ұйғарымын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіленеді. Нормалардың қолданыстағы редакциясында прокурордың қаулысын орындамағаны үшін ғана жауапкершілік көзделген.