"Бас редакторлар клубы" ҚБ Н. Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдум өткізуді қолдайды
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстандық 150-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен бас редакторларын біріктіретін «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін созу жөнінде референдум өткізу туралы ұсынысты бірауыздан қолдауда.
Бүгін Астанада осы мәселеге қатысты клуб мүшелерінің жиыны өтіп, онда Қазақстан журналистер қауымдастығының өкілдері өздерінің Қазақстан азаматтарына үндеуін жариялады. Клуб мүшелерінің айтуынша, Референдум өткізу идеясы бір адамның емес, барша Қазақстан жұртының мүддесі болып отыр.
«Бас редакторлар клубы референдум өткізу идеясына толықтай қосылады. 5 млн. астам қазақстандық өздерінің қандай жолды таңдайтындықтарын анық айтып отырған тұста біз ол үдерістен тыс қала алмаймыз. Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына қажетті барлық жағдайлар қамтамасыз етілген деп санаймыз. Біз Қазақстанның алға қойған бағыты мызғымауы тиіс деп есептейміз және ел басшылығында Нұрсұлтан Назарбаев Көшбасшының қалғанын қалаймыз»,-деді «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті, «ОКО» газетінің бас редакторы Болат Ережепов.
«Бірлік, тұрақтылық, қалыпты даму тәрізді біздің еліміздің маңызды жетістіктерінің кепілі әрі идеялық тұрғыдан дем берушісі тек Президент болып табылады.
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі атынан біздер, яғни Қазақстан журналистер қауымдастығының өкілдері, еліміздің дамуының белгіленген сара жолынан ауытқымауының мәнін және маңыздылығын түйсіне отырып, Қазақстанның барлық азаматтарын Қазақстанның Бірініші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу туралы ұсынысты қолдауға шақырамыз»,-делінген клубтың Қазақстан азаматтарына жолдаған үндеуінде.