Бас санитар қазақстандықтарды сарқытқа сақ болуға шақырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин сарқытқа сақ қарауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпаат тілшісі.

Бас санитар қазақстандықтарды сарқытқа сақ болуға шақырды

«Ауа температурасының көтерілуімен ел ішінде өткір ішек инфекцияларын жұқтыру жағдайы көбейіп кетеді. Көп жағдайда адамдар инфекцияланған азық-түлік өнімдерін тұтыну, ластанған суды ішу, науқастармен жақындасу кезінде ауырып жатады. Ішек ауруларынан сақтану үшін қарапайым ережелерді ұстану керек. Кәмпит пен кондитерлік өнімдерді санамағанда мерекелік дастарханнан әкелінетін сарқытты тұтынбаған жөн», - дейді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуына қарағанда, жеке гигиенаның қарапайым ережелері - қайнаған немесе бөтелкеде сатылатын суды ішу секілді талаптар денсаулыққа қатысты көптеген қиындықтардың алдын алуға көмектеседі.

«Тез бұзылып кететін өнімдер - сүт, ірімшік, кілегей, дайын ет және балық өнімдері, салаттар мен кремі бар аспаздық өнімдерді дайындалған күні тұтынған дұрыс. Тіпті тоңазытқышта оны 6-12 сағат қана сақтау керек. 12 сағат суықта сақталған тағамды тұтынар алдында дұрыстап жылытып алу керек», - деді ол.

Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин санкцияланбаған сауда орындарында азық-түлікті сатып алмау керектігін ескертті.