Бас санитаралық дәрігер балаларға полиомиелитке қарсы вакцинаның уақытылы егілуіне жіті назар аударуға шақырды
АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарын балаларға полиомиелитке қарсы вакцинаның уақытылы егілуіне жіті назар аударуға шақырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ата-аналарға айтарымыз, ерінбей еліміздің емханаларына барып балаларға уақытылы вакцина егілуіне жіті назар аударуға шақырамын», деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Кеңес Оспанов.
Оның сөзіне қарағанда, елімізде 1995 жылдан бері полиомиелитпен ауырудың бірде-бір оқиғасы тіркелмеген. Айта кетейік, 2002 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды полиомиелиттен ада мемлекет деп жариялады. Бірнеше жылдар бойы республикада балаларды полиомиелитке қарсы вакциналаумен қамту деңгейі 95-98 пайызды құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Тәжікстанда полиомиелиттің ошағы тіркелген. Осыған байланысты Тәжікстаннан келген балаларды анықтау және вакцинациялау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.