Бас санитарлық дәрігер кеңесі: Қонаққа барма әрі шақырма, маска тақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халық жүріс-тұрыстың жаңа ережелерін ұстануға көшуі тиіс. Бұл туралы ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас санитарлық дәрігер кеңесі: Қонаққа барма әрі шақырма, маска тақ

«Әрбір адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сырқаттанып қалмау, жақындарымызға жұқтырып алмау, ұжымымыз бен отбасымызға вирус алып келмеуіміз үшін барлығын жасауымыз керек. Халық жүріс-тұрыстың жаңа ережелеріне - қол гигиенасы стандартына, респираторлық әдепке және арақашықтықты ұстануға көшуі тиіс», - деді бүгін еліміздің бас санитарлық дәрігері Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сонымен қатар ол адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, өз отбасыңның мүшелерімен ғана қарым-қатынас жасауға, қонаққа бармауға және қонақ шақырмауға, жеке әрі респираторлық гигиенаны, қоғамдық орында әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, кез келген қарым-қатынас кезінде медициналық маска тағуға, антисептиктер пайдалануға кеңес берді.