Бас жүлде – пәтер: Астанада республикалық бәйге өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Республикалық бәйге федерациясы, Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен 7 маусым күні қасиетті Құрбан айт мерекесі және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай кең көлемді республикалық бәйге турнирі өтеді. 

Бас жүлде – пәтер: Астанада республикалық бәйге өтеді
Фото: Астана әкімдігі

Сарыарқаның сайын даласын дүбірге бөлеп, еңселі елорданың төрінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған таңдаулы тұлпарлар мен сайдың тасындай іріктелген шабандоздар «Қазанат» атшабарында бақ сынамақ. Бұл – бабалардан мирас болған бәйге өнерінің бүгінгі ұрпаққа жалғасқан жарқын көрінісі, ұлттық рухтың жаңғырығы. Жарыс барысында сәйгүліктер бірнеше қашықтықта сынға түседі:

9 шақырымдық «құнан» бәйге

• 1 орын – 3 000 000 теңге;
• 2 орын – 1 500 000 теңге;
• 3 орын – 700 000 теңге.

16 шақырымдық «топ» бәйге

• 1 орын – «Changan» автокөлігі;
• 2 орын – 3 000 000 теңге;
• 3 орын – 1 000 000 теңге.

25 шақырымдық «аламан» бәйге

• 1 орын – 1 бөлмелі пәтер;
• 2 орын – «Changan» автокөлігі;
• 3 орын – 2 000 000 теңге;
• 4 орын – 700 000 теңге;
• 5 орын – 300 000 теңге.

7 маусым күні сағат 11:00-де ұлттық рухты асқақтататын дүбірлі бәйгенің салтанатты ашылуы өтеді.

Жүйрік тұлпарлар мен шабандоздарды тіркеу 6 маусым күні сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. Аламан бәйгеге қатысу жарнасы – 70 мың теңге, топ бәйгеге 50 мың теңге, ал құнан бәйгеге 30 мың теңге белгіленді. Жиналған қаражаттың барлығы игі мұратқа, қайырымдылық жолына жұмсалады. 

Айта кетелік жүлде қоры 19 млн теңге: ұлттық стартаптар бәйгесінің жеңімпаздары анықталған еді