Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуға қыруар еңбектің арқасында қол жеткіздік - Е. Бектұрғанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов өз ойын алға тартты, ол осы елдің даму жолдары көрсетілген құжаттан қандай ой түйгенін, алдағы уақытта қазіргі заманның талабына лайықты жауап беретін қандай істер күтіп тұрғанын айтып берді.
- Жаңа жылдың басында, ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық кезеңіне аяқ басқан тұста, Мемлекет басшысының алда тұрған міндеттерді айқындап берген мақаласы өте дер шағында, орынды, халыққа ой салатын, елді алға қарай жетелейтін құжат деп айтсақ, қателеспейміз.
Өткен жылы Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жария етті, соған орай қысқа мерзім ішінде 59 Заң қабылданды. Бұл жерде Үкімет пен Парламенттің өзара бірлесіп атқарған қызметіне Елбасы өз бағасын берді. Ол да депутаттардың жұмысына серпін берді деп ойлаймын. Ал енді биыл 1 қаңтардан бастап бес институттық реформаға байланысты 100 нақты қадамды орындауға кірісіп кеттік.
Елбасының аталған мақаласы «100 нақты қадамның» қалай іске асырылатынын көрсететін құжат деп ойлаймын.
Басты құндылығы әр кезеңде, әр дәуірде елдің, халықтың алдына қойған арманы мен мақсаты болады. Мысалы, 25 жыл бұрын тәуелсіздік алу біздің арманымыз еді. Сол арманымызға 1991 жылы 16 желтоқсанда қол жеткіздік. Тәуелсіздік дегеніміз айтуға оңай, жеңіл сөз сияқты. Бірақ ол өте маңызды, халықтың, елдің тағдырын шешетін айрықша мәртебе! Ол мемлекет үшін Күн мен Айдай, ауа мен судай қажет құрылым. Өйткені дүние жүзінде, әртүрлі санақтар бойынша, 5 мың, 7 мың тілде сөйлейтін халықтар бар деп айтылады. Алайда, соның бәрі өзінің тәуелсіздігін алып, мемлекет болып отырған жоқ. Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымының тізімі бойынша 194 ел тәуелсіз мемлекет болып есептеледі. Біз ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған арманға жетіп отырмыз. Тәуелсіздікті орнаттық, оның темірқазығын терең етіп қақтық. Ең әуелі көрші елдермен мемлекеттік шекарамызды бекітіп алдық. Біздің шекарамыздың көлемі аз емес. 14 мың километрден астам шекарамыз бар. Оның үстіне біз әлемдегі ондыққа кіретін Ресей, Қытай сияқты алып мемлекеттермен шекараласамыз. Осы елдермен және Орталық Азиядағы тәуелсіз мемлекеттермен келісімшарттар жасасып, шекарамызды бекітіп алдық. Өзіміздің Ата Заңымыз бар, мемлекеттік Әнұранымыз, Туымыз бен Елтаңбамыз бар, Президентіміз бар. Сондықтан біз қазір тәуелсіз мемлекет болып әлемге танылдық, елімізді қалыптастырдық.
Осы 25 жылдың ішінде кейбір мемлекеттер 100 жылдық жасаған қадамдарын біз ширек ғасырлық уақыттың ішінде өттік десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені бастапқыда дамуы жағынан кенже қалған елдердің қатарында тұрып, қазір енді дүние жүзіне белгілі мемлекеттердің қатарына кіруіміз осы біздің халықтың ынтымағы мен еңбегінің, Елбасының сындарлы, салиқалы саясатының нәтижесі деп айтуға болады. Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуға қыруар еңбектің арқасында қол жеткіздік. Қаншама халықаралық келісімдер жасалды? Елдің ішкі экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтеру жолында атқарылған жұмыстар да орасан зор.
Елбасының аталған мақаласы қарапайым адамдардан бастап қоғам және мемлекет қайраткерлеріне дейін түсінікті, барлық сала терең қамтылған еңбек екенін атап өтер едім. Бір мысал келтірейін, жеңіл атлетикада биіктікке секіретіндер үшін межені белгілейтін планка болады. Елбасы да алдағы елдік мақсатымызды белгілеген кезде, әрқашанда «планканы» өте жоғары қояды. Бұған ел куә. Қарасаңыз, ондай белесті бағындыру мүмкін емес сияқты. Бірақ тәуекел деп бар күшіңді жұмылдырсаңыз, алынбайтын асу болмайды. Сол сәттегі жағдайды және келешектегі мүмкіндіктерді жан-жақты зерттеп, алда тұрған міндеттерді айқындап алып, жүйелі түрде жұмыс жүргізсеңіз, межелі биікті бағындыруға болады екен. Мемлекет басшысы жария еткен стратегиялық жоспарлардың негізінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстары бар көп этносты Қазақстан халқының ауызбірлігі мен еңбекқорлығының және Тәуелсіздігіміздің, табиғатымыздағы мол байлығымыздың арқасында алға қойған мақсатымыз жүзеге асып, айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Ендігі қойылып отырған талап - 2050 жылға қарай дамыған 30 мемлекеттің қатарында болу. Осыған Мәңгілік Ел орнату идеясымен қуаттанған барлық халық атсалысады деген сенімдемін.
Елбасы өз мақаласында мемлекетті кәсібилендіруді біздің бірінші реформамыз деп атап өтті. «100 нақты қадамның» ішіндегі 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға, мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған. Осы міндеттерді орындайтын атқарушы билік органдары, заң шығарушы органдар, сондай-ақ әрбір мемлекеттік қызметші өздеріне қойылған талаптардың іске асырылуына атсалысса, бәсекеге қабілетті болса, алға қойған мақсатымыз жүзеге асады деп айтуға толық негіз бар. Өйткені Елбасы осы мақаласында «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның қабылдануының мәні зор екенін атап өткен. Мемлекеттік қызметті реттеуге арналған алғашқы Заңның қабылданғанына 20 жыл уақыт өтті. Ол кезде мемлекетіміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және басқа да жағдайлары қазіргі деңгейдегідей емес еді. Елімізде реформалардың алғашқы кезеңі жүріп жатқан тұс болатын. Ал енді жуырда қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң жетік дамыған елдердің қатарындағы Қазақстанның тұрақты даму деңгейіне сай келеді деп айта аламыз. Өйткені кадрлардың ол кездегі деңгейі мен қазіргі деңгейін салыстыруға болмайды. Мысалы, бүгінде дүние жүзінің әйгілі білім ордаларынан тәлім алған, бірнеше тілді меңгерген, жаһандық жаңалықтарды елге алып келіп жатқан жастарымыз қаншама?! «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғандардың саны 10 мыңнан асатын болса, жеке өз қаражаттарымен және халықаралық гранттар арқылы оқып келгендер 20 мыңнан асады. Жалпы, қазір өркениетті мемлекетті құратын кадрлардың құрамы бар деп айтуға болады.