«Бәсекеге қабілетті болғанда ғана - бәсіміз жоғары»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА.  1 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 1 қыркүйек, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Бәсекеге қабілетті болғанда ғана - бәсіміз жоғары»- республикалық басылымдарға шолу

***

Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналып бейсенбіде басталған «Конституция - қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысы кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде одан әрі жалғасты. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Айшықты Ата заң - азаттық айғағы» деген тақырыппен жария етілді. «Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан әлеуметтік мемлекет­тің берік іргетасын қалап, да­му­дың аса сапалы деңгейіне көте­ріл­ді. Халықтың даму қалыптары үздіксіз жоғарылауда. Бүкіл ха­лық игілігіне бағытталған эконо­ми­калық дамудың конституция­лық қағидаты елімізде әлеуетті бағдарлы нарықтық экономика үдерісінің қалыптасуына түрткі болды», - деп жазады басылым.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2012 жылдың 7 айында 8,5 миллион тонна астық тасымалдап, бұл істе рекордтық межеге қол жеткізді. Соның ішінде республикаішілік бағдарға - 2,2 миллион, экспорттық бағдарға - 6,3 миллион тонна астық жіберілді. Ұлттық компанияның вице-президенті Ермек Қизатовтың хабарлауынша, өткен он бір айда (өткен жылдың қыркүйегі мен биылғы шілде арасында) 9 миллион тонна астық экспортқа шығарылса, 2,4 миллион тонна ұн өнімдері жөнелтіліпті. «Тек биылғы жылдың өзінде компания 14756 жүк вагондарын сатып алады. Соның ішінде 1261-і - астық вагондары, 2 мыңы - жабық вагондар. Қазіргі кезде 6887 вагон өндіріске енгізілді. Олардың 65-і астық вагоны болса, 849-ы жабық вагондар», - деді Ұлттық ком­панияның вице-президенті Ермек Қизатов. Мақала «Жаңа астықты тасымалдау жайы талқыланды» деген тақырыппен берілген.

2 қыркүйек - мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні. Мұнайшылардың осы кәсіби мерекесі қарсаңында «Айқын» газеті «ҚазМұнайГаз» компаниясының алдағы жоспарлары туралы оның Басқарма төрағасы Ляззат Қиыновпен сұхбаттасқан. «Бәсекеге қабілетті болғанда ғана - бәсіміз жоғары» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында ол: «Қарашығанақ кен орнының мердігер компаниялары арасында бірігіп жұмыс істеу туралы келісім жа­салған. Сондықтан Қарашығанақтың стратегиялық дамуы консорциумға қатысушылардың барлығының мүд­десіне сәйкес әріптестер құқына залал келтірілмейтіндей етіп бірігіп айқын­далады. Мемлекет «ҚазМұнайГаз» ар­қылы осы жобадағы үлесін алумен бірге, осы аса ірі мұнай кен орнындағы өндірістік процестерді ішінен бақылау мүмкіндігіне ие болады. Бұл - Қазақ­станның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды», - деді.

Астанада 600-ден астам өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілде білім беру мекемелерінде оқиды. Бұл жайында «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Қазақша оқуға құштарлық басым» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның атап өтуінше, ағымдағы оқу жылында Астана қаласында 71 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істесе, солардың 24-і мемлекеттік тілде, 11-і орыс тілінде болып келеді. Ал 36 мектеп қазақ және орыс тілінде білім береді. «Астана қалалық білім басқармасынан алған мәліметтерімізге қарағанда, биылғы жаңа оқу жылында да мемлекеттік тілдегі мектептерге барып жатқан өзге ұлт өкілдері баршылық», - деп жазады басылым.

***

«Кеше Астанада тәулік бойы жаңалықтар тарататын Қазақстандағы бірінші «24KZ» телеарнасының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Оған  Мем­ле­кеттік хатшы Мұх­тар Құл-Мұ­хаммед, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламентінің депутаттары, шығармашылық интеллигенция мен қоғам өкілдері қатысты», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі санындағы «Говорит и показывает «24KZ» деген тақырыптағы мақаласында. «Бүгін Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын жаңа жоба - тәулік бойы ақпарат тарататын «24KZ» телеарнасы өз жұмысын бастайды. Бұл - әлемдік медиа қауымдастығын­да­ғы ең танымал телеарналарда бар үрдіс», - деді жиналғандар алдында сөз сөйлеген М.Құл-Мұхаммед.