«Бәсекеге қабілетті ел болуымыз үшін қозғалыс жылдамдығы қажет» - республикалық басылымдарға шолу
***
Мемлекеттің экономикалық қуаты индустриялық-инновациялық жүйемен біте қайнасқан. Себебі, бұл жүйенің бүгінгі заманға сай болуы, ел әлеуетінің артуына әсер етері анық. Бүгінде осы мақсатты үдерісті жеделдету үшін Ұлттық қор ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Осы салаға қатысты көкейде жүрген сауалдарыңызға жауап іздегіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Инновация- өркенділік өрісі» тақырыбымен берілген сұхбатқа назар аударыңыз.
«Ұлттық парк құрылған кезде қасиетті Қазығұрт тауының енбей қалуы өкінішті-ақ. Қазық жұрттай Қазығұртыңыз қазір қатардағы мал жайылымы, тас алынатын кеніш ретінде азып-тозып барады», - деп жазған аталмыш басылымдағы келесі мақала «Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем» деген тақырыппен баға жетпес байлығымызды қадірлей білейік деген ойды ортаға салады.
***
«Әбілқайырдың оралуы». Осы тақырыппен берілген "Жас Алаш" газетіндегі сұхбатта Ақтөбе облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау инспекциясының бастығы Бекарыстан Мырзабай осы өлкедегі Әбілқайыр хан дәуіріне қатысты деректерді баяндайды.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі саны «Қазақ Парламенті «Батысты тануға» кіріскелі отыр» деген тақырыппен Мәжілістің үшінші сессиядағы кеше өткен алғашқы отырысында талқыланған мәселелер төңірегінде жазды.
«Ал бүгінгі жағдай мүлде басқаша. Денсаулықты қорғау туралы заңның қолданылуын тексерген прокуратура Қарағандыдағы медициналық мекемелердің шынайы келбетін жұртшылық назарына жайып салды. Осы тексеріс бойынша медицина саласындағы 33 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 18-іне әкімшілік жаза қолданылды», - деп жазған аталмыш басылымдағы «Ауруханалар былыққа белшесінен батқан» деген мақала медицина саласындағы заңбұзушылықтар жайлы жазды.
«Бәсекеге қабілетті ел болуымыз үшін қозғалыс жылдамдығы қажет», - дейді әйелдер арасынан тұңғыш рет ТМД елдері ұшқыштары арасынан әуе кемесі экипажы командирі болған ұшқыш Тоты Әмірова. Алып әуе кемелерін ерлермен қатар бағындырған қайсар қазақ қызының ойларын білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының «Ақ сөйле» айдарындағы сұхбатты оқыңыз.