Бәсекелестікті қорғау агенттігі бағаны қолдан көтеретіндерді аямайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теңге бағамын шетел валютасына түзетумен байланысты туындап отырған жағдай жекелеген нарық субъектілерінің тиісті тауарларға, оның ішінде отандық өндіріс тауарларына бағаны жасанды көтеруге бағытталған әртүрлі алыпсатарлық іс-әрекеттерге баруына әкеп соқты.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғалым Оразбақов айтты.
«Біріншіден, жосықсыз кәсіпкерлердің назарын мынаған аударғым келеді. Бәсекелестікті қорғау агенттігі мұндай көріністерге «қарсы күрес» жүргізеді және оларды тауар нарықтарынан алып тастау үшін тиімді тетіктерге ие. Бұдан басқа, осы бұзушылықтар үшін қатаң санкциялар көзделген», - деп атап өтті агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар (азық-түлік, көмір, цемент, коммуналдық қызметтер және басқа да) тауар нарығы субъектілеріне алыпсатарлық бағаның өсуіне және сауда кәсіпорындарына сауда орындары үшін жалға төлемінің қымбаттауына жол бермеу туралы хаттар және монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескерту жіберілді.
«Бүгінде баға өсіру деректері Батыс Қазақстан облысында - азық-түлікке, Қостанайда - құрылыс материалдарына, Павлодар облысында дәрі-дәрмекке қатысты тіркелген», - деп атап өтті Ғ. Оразбақов.