Бәсекелестікті қорғау агенттігі байланыс операторларын сот арқылы тарифті төмендетуге мәжбүрлемек
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында мәлім болды.
«Қазақстанда мобильдік абоненттер саны 20 млн. астам абонентті құрайды. Алайда Қазақстандағы тарифтер ТМД елдерімен салыстырғанда жоғары күйінде қалып отыр. Қазақстанда қалалық телефондарға, мобильдік басқа операторларға, сондай-ақ мобильдік интернетке шығу қоңыраулары Ресеймен, Белоруссиямен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен салыстырғанда ең жоғары болып табылады»,-деді агенттік төрағасы Ғ. Әбдірахымов.
Оның айтуын ша, мұндай жоғары бағалар Интерконнентке операторлардың қосылуындағы жоғары ставкаға байланысты болып табылады. «Талдау нәтижесіне сәйкес агенттік Интерконент қызметі бойынша байланыс операторларын доминаттар тізіміне енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Алайда, байланыс операторлары агенттіктің осы бұйрығымен дауласып, сотқа жүгінуде. Сот біздің бұйрығымызды күшінде қалдырды. Біз соттың екі сатысын жеңіп шықтық. Енді ең соңғы сатысын ұтсақ, байланыс операторлығына қатысты жаңа төменгі тарифтер белгіленетін болады»,-деді Ғ. Әбдірахымов.