Бәсекелестікті қорғау агенттігі Қазақстанның оңтүстігінде нан бағасын көтерген кәсіпорындармен соттасады

АСТАНА. Қыркүйектің 27-сі. ҚазАқпарат /Мралан Жиембай/ - ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі нан бағасын негізсіз көтерген еліміздің оңтүстігіндегі кәсіпорындармен соттасады.
None
None

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған агенттіктің басшысы Мәжит Есенбаев мәлім етті.

Қазақстанның оңтүстігінде нан бағасының негізсіз көтерілуіне байланысты тергеу амалдарын жүргізгендіктерін айтқан ол «тергеу баға өсімі үшін объективті негіздің болмағанын көрсетті. Нан бағасының көтерілуі өндірушілермен бір мезгілде әрі бір деңгейде орын алды. Тіпті олардың басым бөлігінің бұрынғы бағамен сатып алған ұн қоры да болған. Демек бұл келісілген іс-әрекет, біз оны анықтадық», деді.

Оның атап өтуінше, заң нормасын бұзуға қатысқан барлық субъектілер жазаланатын болады. Қазіргі уақытта олардың ісі сотқа берілген.

Бәсекелестікті қорғау агенттігі басшысының айтуына қарағанда, нан бағасының өсуімен қатар ұнның да бағасының негізсіз көтерілгені анықталған. Осы іс бойынша агенттік Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды облыстары нарығындағы 22 субъектіге қатысты тергеу амалдарын жүргізген.

«Бұл жұмыстарға кей өңірлерде салық комитетінің, қаржы полициясының, прокуратураның, ауыл шаруашылығы департаментінің, әкімдіктердің қызметкерлері жұмылдырылды. Антимонополиялық заңнаманың бұзылғандығы аталған фактілерде нақтыланатын болса агенттік тарапынан кінәлі тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылданатын болады. Біз анықтаған барлық бұзушылықтар алыпсатарлық сипатқа ие», деді М.Есенбаев.

Соңғы жаңалықтар