«Бәсекелестікті қорғау агенттігінде қазақ тілінің бәсеке қабілеті шектелгені қалай?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 ақпан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Бәсекелестікті қорғау агенттігінде қазақ тілінің бәсеке қабілеті шектелгені қалай?» - республикалық басылымдарға шолу

***

Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметовтің, Президент Әкімшілігі, орталық және өңірлік мемлекеттік органдар өкілдерінің, Парламент депутаттарының қатысуымен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің (ИЖТМ) кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда ИЖТМ-нің 2011 жылғы жұмысының қорытындысы және Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іс жүзіне асыру мақсатындағы 2012 жылға арналған міндеттер туралы мәселелер қаралды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Бағдарлама дамуға қарқын берді» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, алқа отырысын қорытындылаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерге байланысты министрлікке және оның құрылымдық ведомстволарына нақты тапсырмалар беріп, 2012 жылы атқарылатын кешенді жоспарды саралады.

  Мысырдағы Порт-Саид қаласында орын алған тәртіпсіздіктердің салдары өте ауыр болып отыр. Бұл бассыздық әрекеттерді тіпті қасіретке апарған қадам деуге де болатындай. 74 адамның қаза табуы, 1 мыңдай адамның жаралануы осылай деуге мәжбүрлейді. Оқиға былай болған. Египеттің Порт-Саид қаласында жергілікті «Әл-Масри» және Каирдің «Әл-Ахли» командаларының арасында ел чемпионатының кезекті турына орай кездесу өтіп жатады. 3:1 есебімен жергілікті команда жеңу үстінде екен. Бір кезде олардың фанаттары алаңға жүгіріп шығып, каирлық клубтың ойыншыларына тарпа бас салады. Бұған ел астанасы жанкүйерлерінің жергілікті команда мен фанаттарын қорлап, тіл тигізетін сөздер жазылған баннерлерді жайып салуы себеп болған сыңайлы. Стадионның қауіпсіздік қызметіне фанаттар бой бермей кеткен. Кейбір мәліметтер полицияның стадионнан әдейі шығарып жіберілгенін айтады. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Бассыздықтың аяғы қашанда қасірет» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшановтың «Қаржы министрлігі кімді алдап жүр?» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды.  Ғалымның атап өтуінше, 2010 жылы мұнай өндірісінің көлемі 4 пайызға өсті, ал мұнай бағасы 29 пайызға бір-ақ көтерілді. Бұл дегеніміз, бағалардың өсуін есепке алғанда бюджет түсімі 34 пайызға, ал 2011 жылы тіпті 40 пайызға дейін өсуі тиіс дегенді білдіреді. Бірақ өздігінен келген бұл өсімде Қаржы министрлігінің ешқандай елеулі үлесі жоқ. Керісінше, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Санақ комитеті мен құқық қорғау органдарының есептері қаржылық заң бұзушылықтардың жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын айғақтайды. «Салық органдары неше түрлі қаптаған есептерімен «бизнесті» үрейде ұстап отыр, өз жұмысының басым бөлігін бизнесті тексерумен өткізіп, көп жағдайда бизнестің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі болуда. Бұл жерде тағы да жұмысқа келгенде ең алдымен бухгалтерлік-есептік көзқарастың белең алатыны байқалады», - деп жазады ол мақаласында.

 

Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) додасында бақ сынап жүрген «Астана арландары» биылғы маусымның бастапқы бәсекелерінің бірінде «Милан Тундерс» клубынан 0:5 есебімен ойсырай ұтылған болатын. Италияда өткен осы кездесуде жуан жұдырықты жігіттеріміздің жігерсіздік танытқанына сол кезде барша қазақстандық жанкүйерлер күйінген еді. Аппенин түбегінің түлектері күні кеше Алатау баурайына ат басын тіреді. Бүгін олар Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Астана арландарымен» қайта қолғап түйістіреді. Өткен бәсекеде ойсырай ұтылуымыз кездейсоқ жағдай екенін осы жолы жерлестеріміз «тайға таңба басқандай» етіп дәлелдеуге тиіс. Бұл жайында «Айқын» газетіндегі «Арландар есе қайтаруы тиіс» деген мақалада егжей-тегжейлі баяндалған.

***

«Бұрынғы Мәдениет министрі, қазіргі мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгінгі Мәдениет және ақпарат мининстрі Дархан Мыңбаймен кеше алқа мәжілісін өткізді. Бес саусақтай білетін саласының алқа мәжілісіне өзі келуді ұйғарған Мұхтар Абрарұлы біраз мәселенің басын ашып, Мемлекеттік хатшы ретінде мәдениет саласының базынасын тыңдап қайтты», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасының кезекті кезеңін іске асыру аяқталыпты. Соған сәйкес 73 тарихи және мәдениет ескерткіші толық қалпына келтірілген. Ғылымды мыңдаған артефактілермен байытып, ұлттық тарих көрініс беретін 30-дан астам ғылыми-қолданбалы және 40 археологиялық зерттеу жұргізілген. Мақала «Мәдениеттің алқасына Мемлекеттік хатшы келді» деген тақырыппен берілген.

 

Осы басылымда «Бәсекелестікті қорғау агенттігінде қазақ тілінің бәсеке қабілеті шектелгені қалай?» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Баяғыда бір атамыз көк жәшіктен Ленин бабамыздың дубляж күшімен қазақша сөйлеп тұрғанын көріп: «Па, шіркін неткен дара! Дананың аты - дана, қарашы, қазақша да қалай сайрайды, ә!» деп, қатты тамсанған екен. Сол сияқты  қазіргі таңда қазақ тілін құрметтемейтін, бірақ қазақ ұлтынан шыққан дөкей бастықтарды газет-журналдарда қазақша көсілтіп, жақсы қырынан көрсетіп жүрген  қазақ журналистері екенін біліп жүрсін деп, біз де осы жолы М.Есенбаев мырзаның баяндамасын қазақша «дубляждамадық». Мұндай әділетсіздігіміз үшін оқырманнан кешірім сұраймыз», - деп жазады басылым.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовті қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Президент биліктің барлық құрылымы Жолдауды іске асыру жөнінде алда тұрған жұмысқа белсене әрекет етулері тиіс екенін атап көрсетті. «Көпке созбастан, Үкімет өз жоспарын анықтап, әрекет ете бастауы қажет. Барлық іс-шараларды қаржыландыру көздерін табу керек. Әкімдер еліміз алдында тұрған жаңа міндеттерді халыққа түсіндіруге тиіс. Жұмыстың қорытындысы бойынша Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. К.Мәсімов, өз кезегінде, Президентті Үкіметтің Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларды орындау жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті.