Бәсекелестіктен мемлекеттік сатып алуға дейін: Құрылтай ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізбек

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтай отырысы өтеді. Онда депутаттар ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы қарайды.

Бәсекелестіктен мемлекеттік сатып алуға дейін: Құрылтай ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізбек
Фото: Kazinform/ЖИ

Айта кетейік, 23 қазанда Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен бюрода Құрылтай отырысының күн тәртібі айқындалған еді. Соған орай депутаттар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда қарайды. Хаттамаға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2025 жылғы 28 шілдеде Мәскеуде қол қойған. Құжат ЕАЭО-ның шарттық-құқықтық базасын жетілдіруге, құқықтық реттеу кезінде анықталған олқылықтарды жоюға және бірқатар саладағы өзара іс-қимыл тетіктерін нақтылауға бағытталған.

Атап айтқанда, өзгерістер ішкі нарықтың жұмысы, техникалық реттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету, қызметтер саудасы, инвестициялар, бәсекелестік, мемлекеттік сатып алу, ортақ электр энергетикалық нарық, сондай-ақ көлік саласындағы бақылауды жүзеге асыру мәселелерін қамтиды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Құрылтай отырысында депутаттар Өзбекстан және Пәкістан елдерімен кеден қызметтерінің өзара іс-қимылы мәселелері жөніндегі үкіметаралық келісімдерді ратификациялау туралы заңдарды екі оқылымда қабылдады.
Өзбекстанға қатысты келісімге 2025 жылы 15 қарашада Ташкент қаласында қол қойылған. 

Бұл құжат кеден ісі саласындағы өзара байланыстың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыру мақсатында жасалды. Келісімде жедел ақпарат алмасу, кеден ісіндегі ынтымақтастық жөніндегі шараларды келісу, сондай-ақ құзыретті органдардың іс-қимылын үйлестіру қарастырылған. Құжатты ратификациялау, кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға және мемлекет аралық өзара сауданы дамытуға ықпал етеді, Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметтерінің өзара байланысының қосымша институционалдық механизмін жасайды.

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің дерегінше, бүгінде Қазақстан — Өзбекстан шекарасында 11 өткізу пункті жұмыс істейді, оның ішінде сегізі — автомобиль, ал үшеуі — теміржол өткізу пункті. 2025 жылы «Қапланбек», «Қазығұрт», «Атамекен» өткізу пункттерін реконструкциялау аяқталды. Алдағы уақытта «Жібек Жолы» өткізу пункті пайдалануға беріледі. Тиісті жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жолаушылар мен жүк және автомобиль көлігін өткізу қабілеті бірнеше есе артты. Тек 9 айдың ішінде 650 мыңға жуық автокөлікке жетті.
Ал Пәкістанмен арадағы құжатқа 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабадта қол қойылған. 

— Аталған келісім ақпаратпен жедел алмасу, қауіп-қатерлердің алдын алу және жолын кесу жөніндегі шараларды келісу, сондай-ақ тұрақты әрі тиімді шараларды қамтамасыз ете отырып, құзыретті органдардың байланысын үйлестіру мақсатында әзірленді. Келісімді ратификациялау — өзара байланыстың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға, және кеден ісі саласындағы ынтымақтастықты дер кезінде қамтамасыз етуге, оның ішінде ақпаратпен жедел алмасуды, және осы саладағы ынтымақтастық жөніндегі шараларды келісуге мүмкіндік береді, — деді заңды таныстырған Қаржы министрі.

Отырыс соңында Құрылтай депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 12 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, депутат Серік Егізбаев мал шаруашылығын дамыту мәселесін көтерді.  Оның айтуынша, Үкімет тарапынан жыл сайын қомақты қаражат бөлінсе де, соңғы 5 жылда асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі осы 12 пайыз деңгейінде қалып отыр.

— Қолданыстағы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламаларға шаруаларды мал басын асылдандыруға ынталандыратын тетіктер мен талаптар енгізілуі тиіс. Мәселен, Ұлытау облысында «Жайлау» бағдарламасын іске асыруға 3,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінде жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын 6 жоба мақұлданған. Алайда бұл жобалар іске аспай қалуы мүмкін. Негізгі мәселе — асыл тұқымды малдың бағдарламадағы есептік бағасы мен нарықтағы нақты бағасының арасындағы айырмашылық, — деді Серік Егізбаев.

Ал Жұлдыз Данбаева жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мен емдеу мәселесіне назар аудартты. 

— Қолданыстағы жүйе 30 жастан асқан азаматтар мен жекелеген топтарды ғана қамтиды. Бұл аурудың қаупін ерте анықтауды төмендетеді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де толық шешілмеген. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету қажеттіліктің 40-50 пайызын ғана өтейді. Жеткізудегі іркілістер салдарынан препараттар жылына 8-10 ай ғана қолжетімді болып, емнің үздіксіздігіне нұқсан келеді. Ал жүрек-қантамыр ауруларын тиімді бақылау үшін дәріні тұрақты қабылдау аса маңызды, — деді депутат.

Әмірбек Оспанбеков болса тозығы жеткен тұрғын үйлерді жөндеу түйткіліне тоқталды.  Депутаттың дерегінше, республикада 61 367 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 1 037 пәтер апатты жағдайда болса, ал 3 347-сінің тозығы жеткен. Демек, шамамен 27 мыңға жуық үй иесінің баспанасы апаттық жағдайда немесе әбден ескірген.

— Тәжірибе көрсеткендей, апатты жағдайдағы және тозығы жеткен баспаналарда өрт қаупі өте жоғары. Мұндай нысандардағы тілсіз жау жиі қайғылы жағдайларға, адамдардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндіретіні анық. Бұған мейлінше жол бермеу керек, — деді Әмірбек Оспанбеков.

Тұрарбек Тілемісов тозығы жеткен көпірлер мәселесін көтерді. Оның сөзінше, республикада 3 623 көпір құрылысы есепке алынған. Соның 1 488-і республикалық маңызы бар жолдарда, ал 2 135-і жергілікті маңызы бар жолдарда. 142 көпір апатты жағдайда, оның 141-і жергілікті жол желісіне тиесілі. Бұдан бөлек, жергілікті жолдардағы тағы 420 көпірдің жағдайы көңіл көншітпейді.

— Көлік министрлігі 2027-2031 жылдарға арналған көпір құрылыстарын түгендеу және жаңғырту жөніндегі ведомстволық бағдарлама әзірлеп жатыр. Алайда ол тек республикалық маңызы бар жолдарды қамтиды. Елдегі көпір қорының 59%-ын құрайтын жергілікті жол желісіндегі 2 135 көпір қандай да бір бағдарламадан тыс қалып, қаражат артылса ғана қаржыландырылып отыр. Бағдарлама әкімдіктерге міндет жүктемейді әрі жергілікті бюджеттерді қажетті қаражатпен қамтамасыз етпейді. Сондықтан бұл мәселені Үкімет деңгейінде шешу қажет, — деді Тұрарбек Тілемісов.