Башқұртстан театры пьеса қойдыру үшін жас қазақ режиссерін шақыртып алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Айдын Салбанов Ресейдің Башқұртстан еліне шақырту алды. Сахна шебері Салауат мемлекеттік башқұрт драма театрында Ильгиз Зайниевтің «Люстра» атты пьесасын қоятын болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Башқұртстан театры пьеса қойдыру үшін жас қазақ режиссерін шақыртып алды

«Театр ұжымы жас та болса еңбегімен танылған қазақстандық режиссердің бізге келетінін қуанышпен хабарлайды. Танысып қойыңыздар - ол Айдын Салбанов. Ол Александр Вампиловтың (Уфа қаласы, 2017 ж.) 80 жылдығына арналған режиссерлік лабораторияның жеңімпазы. Дәл сол өнерпаздың Вампилов туралы қойылған «Прошлым летом в Чулимске» атты эскизіне сарапшылар кеңесінің мүшелері мен көрермендер дауыс беріп, оның еңбегін бір ауыздан үздік деп тапқан болатын», - деп жазылған Салауат мемлекеттік башқұрт драма театрының Фейсбук парақшасында.
null 

Аталмыш лабораторияның кураторы, Салауат мемлекеттік башқұрт драма театрының бас режиссері Ильсур Казакбаев зор құрметпен Айдын Салбановты қойылымға қатысуға шақырған.

«Бұл жолы біз Ильгиз Зайниевтің «Люстра» атты пьесасын таңдап алдық. Оның тұсаукесері 27 ақпанда өтеді. Бұл дегеніңіз жақын арада Қазақстаннан келген режиссердің еңбегін бүкіл республиканың театралдары тамашалай алады деген сөз», - делінген жазбада.

Айта кетсек, Айдын Абзалбекұлы - режиссер, Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының көркемдік жетекшісі. Ол Қырғызстандағы Бибісара Бейшеналиева атындағы мәдениет және өнер мемлекеттік университетін театр режиссері мамандығы бойынша бітірген (2010-2013 жж.). 2009 жылғы Лэвис Уитлок музыкалық қойылымындағы шеберлік сыныбының қатысушысы. 2014 жылы Санкт-Петербург қаласында біліктілігін арттырып, 2016 жылы Қазан қаласында өткен «Наурыз» атты IV халықаралық форум-фестиваліне қатысқан. «Күнделік», «Ойыншықтар», «Шоу-бизнес - махаббат», Төрт қауырсын, бәйтерек, мыстан», «Қара пима», «Тендерге түскен келіншек атты еңбектердің авторы. Бірнеше халықаралық және республикалық фестивальдардың жеңімпазы.