Басқа мамандықтан педагогикалық бағытқа ауысу үшін ҰБТ-дан қанша балл жинау керек

АСТАНА. KAZINFORM — Басқа мамандықта оқып жүрген студенттер педагогикалық білім беру бағдарламасына ақылы негізде ауысу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) өтуі керек. Тестілеу қаңтар және тамыз айларында өткізіледі. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы түсіндірді.

университет
Фото: Александр Павский / Kazinform

ҰБТ-ға қалай тіркелуге болады?

Өтініш беру үшін app.testcenter.kz сайтына кіріп, «Педагогикалық ғылымдар білім беру саласы бойынша БББТ-на ауысатын студенттер» санатын таңдау қажет.

Тестілеу бес пәннен тұрады:

  • үш міндетті пән;

  • екі бейіндік пән.

ҰБТ талаптары қандай?

Педагогикалық мамандыққа ауысуды жоспарлаған студенттер үшін тестілеудің негізгі талаптары:

  • Шекті балл – 75;

  • Тестілеу уақыты – 240 минут;

  • Қатысу құны – 5 640 теңге;

  • Өткізу кезеңдері – қаңтар және тамыз.

Студенттер нені ескеруі керек?

— Тестілеу күндерінің саны шектеулі. Сондықтан ҰБТ-ға өтініш бермес бұрын ауысу талаптарын, таңдаған білім беру бағдарламасының сәйкестігін және қабылдау шарттарын жоғары оқу орнынан алдын ала нақтылап алған жөн, — деп ескертті орталық мамандары.

Бұл талаптарды ескеру студентке тестілеу кезеңін дұрыс таңдауға және ауысу рәсіміне уақытында дайындалуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін қандастарға грантқа түсу үшін ҰБТ-дан шекті балл жинау міндетті емес екенін жаздық.