Басқа суретшілер жылқыға адамды мінгізіп суреттесе, мен жылқыны адам деңгейіне көтердім - суретші Ж.Кәкенұлы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Басқа суретшілер жылқыға адамды мінгізіп суреттесе, мен жылқыны адам деңгейіне көтердім. Бұл туралы бүгін ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында ашылған «Сәйгүлік семантикасы-4» атты жеке көрмесінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі, публицист Жеңіс Кәкенұлы айтты.
«Сәйгүлік семантикасы деген тақырып менің шығармашылығымда осыдан 4-5 жыл бұрын басталған еді. Содан бері бұл маған тыным таптырмай, өзінің нәтижесін беріп келе жатқан тақырып», - дейді қылқаламды серік еткен шығармашылық иесі.
Оның айтуынша, жылқы - қазақ халқын сонау бағзы замандардан күні кешегі XIX ғасырға дейін өркениетке қарай бастаған жануар. «Ал енді рухани құндылықтар саябырлаған мына ғасырда да бізді алға жетелейтін осы жылқы болады деп ойлаймын. Басқа суретшілер жылқыға адамды мінгізіп суреттесе, мен жылқыны адам деңгейіне көтердім. Жылқы арқылы мен қазақ халқының қуаныш-қайғысын, тарихи болмысын көрсетуге тырыстым», - дейді ол.
Көрме мұражайдың әріптестік жобасы бойынша ұйымдастырылып отыр. Оған қылқалам шеберінің 50-ден астам туындысы қойылған.