15:42, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Басқа түскен қандай да бір сынаққа қарамастан біз Тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы жасампаз істерді жалғастыра береміз - Елбасы
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан біз тәуелсіздігімізді нығайту жолында жасампаз істерімізді жалғастыра беретін боламыз.
Бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Алдымызда бізді үлкен белес күтіп тұр. Ол - Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығы. Дүние дамуымен есептегенде жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бірақ біз үшін үлкен кезең, тұтас бір дәуірмен барабар», - деді Елбасы. «Олай болатыны, Тәуелсіздік ата-бабамыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты. Сол себепті Тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша. Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан біз Тәуелсіздігімізді нығайту жолында жасампаз істерімізді жалғастыра береміз», - деп қадай айтты Мемлекет басшысы. Елбасы барша қазақстандықтардың жұмылған жұдырықтай бірлігінің арқасында еліміз жеңбейтін кедергі болмайтынын айта келе: «Солай боларына нық сеніңіздер, құрметті отандастарым!», - деді.