Басқарма басшылары жазаланды: Алматы облысының әкімдігі прокуратура шешімімен келіспейді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысының әкімдігі прокуратураның мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы «кәсіпкердің құқықтарына нұқсан келтірді» деген шешімімен келіспейтінін мәлім етті.

Өңір әкімдігі ҚР ӘҚБтК 664-бабы бойынша Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысына қатысты әкімшілік іс қозғалуына және 15 миллиард қаржы туралы жарияланған ақпаратқа жауап ретінде бұл шешімге шағым түсіретіндерін жеткізді.
«Істі қозғау туралы шешім Алматы облысы Қарасай ауданының Ақын Сара көшесі бойында жол салуға конкурстар өткізуге байланысты туындаған. Бұл бойынша аталған басқарма тек мемлекеттік сатып алу туралы заңнама шеңберінде, сондай-ақ соттың осы жылдың наурыз және сәуір айындағы шешімдері мен ұйғарымдары негізінде әрекет етті. Мемлекеттік сатып алу басқармасы прокуратураның шешімімен келіспейтінін және оған заңда белгіленген тәртіппен шағымданады», - деп атап өтті облыстық әкімдіктен.
Осыған дейін прокуратура Алматы облысы әкімдігіне қарасты екі басқарманың басшысы кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы айтқан болатын.