Басқарма басшыларына жемқорлықтың алдын алу шаралары тапсырылды -Түркістан облысы
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат –Түркістан облысында басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары тапсырылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиында сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев осы бағытта атқарылып жатқан мәселелерді сөз етіп, нақты деректер барысын баяндап өтті. Департаментпен жыл басынан бері анықталған қылмыстардың басым бөлігі, яғни 23-і білім беру беру саласында тіркелгенін жеткізді. Осыған орай облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаевқа сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған ағарту жұмыстарының санына емес, сапасына үңілу қажеттігін және Департаментпен бірлесе отырып, алдын алу бағыты бойынша ауқымды жиын өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, адалдық құндылығы әрбір басшының өзінен басталуы қажет екендігін алға тартып, жиынға қатысушы барлық облыстық басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 2021 жылға арналған жылдық жұмыс жоспарын қолға алуды тапсырды. Келелі жиын барысында басқармалардың қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту туралы нормалар түсіндіріліп, қоғамдағы көлеңкелі қылмыстың жолын кесу мәселелері кең көлемде талқыланды. Алқалы жиында Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтарды баяндап, жедел бағыт бойынша департаментпен мемлекеттік органдардың қызметінде анықталған қылмыстық істерге тоқталды. Сонымен қатар өз қызметтерінде парақорлық фактілерін болдырмау мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды тұрақты негізде жүргізе отырып, оның сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.
Жиын соңын қортындылаған Ұлан Тәжібаев облыстық басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу мәселелерін күшейту қажеттігін жеткізіп, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе ілкімді жұмыстарды атқаруға шақырды.