Басқарма қызметкерлері Kundelik.kz-ке мектеп асханасындағы мәзірді орналастырғаны үшін ақша алған

АСТАНА. ҚазАқпарат – БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов «Бизнеске жол» жобасы аясында атқарылған жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма қызметкерлері Kundelik.kz-ке мектеп асханасындағы мәзірді орналастырғаны үшін ақша алған

Спикердің атап өтуінше, жоба шеңберінде білім басқармасының қызметкерлері мектеп асханасын ұстайтын кәсіпкерлерге «Kundelik» порталына фото-мәзірді ақылы негізде орналастыруды ұсынған фактілер анықталған. Нәтижесінде 400-ден астам мектепке қызмет көрсететін 117 кәсіпкер Kundelik-ке шамамен 9 млн теңге төлеген.

«Біздің бастамамыз бойынша тамақтану қызметтерін жеткізушілердің, Оқу-ағарту министрлігінің, елорда әкімдігінің және «Kundelik» ЖШС өкілдерінің қатысуымен кеңес ұйымдастырылды. Мәзірді тегін орналастыру туралы шешім қабылданды. Осы кеңестен кейін Оқу-ағарту министрлігі барлық әкімдіктерге ақы алуға жол бермеу туралы хат жолдады» - деді Саян Ахметжанов.

Агенттіктен мәлім еткендей, «Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598» бұйрығына сәйкес, мәзірдің фотосуреті мектептің интернет-ресурсында тегін жарияланады.