Басқарудың жергілікті деңгейін нығайту үшін орталықтан өңірлерге 5 420 штат бірлігі беріледі
АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымын өткізді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында 2013 жылы орталық және өңірлер арасындағы жауапкершіліктің және өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша нақты шаралар қабылдау, жергілікті атқарушы органдарды күшейтуді тапсырған болатын. Осыған орай, заң жобасында қосарланушылықты болдырмауға, сондай-ақ жекелеген өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге, яғни халыққа және бизнеске жақындатуға мүмкіндік береді. Тиісінше, орталықтан өңірлерге тиісті штат санын қайта бөлу, жергілікті деңгейге қосымша өкілеттіктер беруді қамтамасыз ету қарастырылатын болады. Мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейін қажетті бюджеттік қаражаттарымен және штат санымен нығайту жоспарланады, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқарудың үлгілік құрылымы қайта қаралатын болады.
Тоқтала кететін жайт, заң жобасын іске асыру шеңберінде орталықтан өңірлерге мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейін және берілетін өкілеттерді нығайтуға 5 420 штат бірліктері берілетін болады. Бұдан басқа, орталық мемлекеттік органдардың жекелеген аумақтық бөлімшелерінің әкімдіктерінің қызметін қайталайтын функцияларды алып тастау, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың бірқатар құзыреттерін мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейлеріне беру қарастырылған.
Атап айтқанда, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының Жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар басқармаларын тарату жоспарланады. Олардың азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жою функцияларын орындауды облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлар департаменттеріне жүктеу ұсынылады. Бұл шара Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарының арасындағы қолданыстағы параллелизмді жоюға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда заң жобасын іске асыру лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге, өңірлік деңгейде мемлекеттік басқару сапасын жоғарылатуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, демократия призмасы арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде азаматтардың рөлі мен қатысу мүмкіндіктерін елеулі арттыратын болады.