Баскетболдан балалар үйлері мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасындағы «Үміт кубогы» ел чемпионатының І туры аяқталды
АЛМАТЫ. 30 қазан. ҚазАқпарат - Қостанай облысындағы «Сосновый бор» шипажайында 21-30 қазан күндері баскетболдан балалар үйлері мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасындағы «Үміт кубогы» Қазақстан чемпионатының 2012-2013 жылдардағы жаңа маусымындағы I туры өтті.
Қазақстан халық банкінің қамқорлығындағы 17 балалар үйі мен мектеп-интернаттарынан 170 жасөспірім қатысқан бұл жарыстың жеңімпазы 2013 жылдың көктемінде өтетін 2-ші турда белгілі болады. Алғашқы турда алғалық Аман Мүсірәлиев ең үздік нәтижелі ойын көрсеткен баскетболшы, алматылық Рахым Аширов жеңіске деген ерекше ұмтылысы үшін, астаналық Иван Вайс үздік шабуылшы, өскемендік Сергей Иванов үздік қорғаушы, павлодарлық Илья Вашурин үздік орталық ойыншы, ал қызылжарлық Александр Иванов үш ұпайлық доп лақтыру бойынша үздік ойыншы деп танылды.
Өткен маусымда Қостанай облыстық балалар үйінің командасы жеңімпаз атанған болатын. Биылғы чемпионатта алғашқы турда әзірге айқын көшбасшы анықталған жоқ. Онда қостанайлықтармен қатар Қызылжар, Астана, Тараз қалалары мен Ақтөбе облысындағы Алға және Ақмола облысындағы Сандықтау қалаларының командалары жақсы нәтижелер көрсетті.