16:09, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Баскетболдан Ұлттық лиганың ерлер командалары арасындағы 4-ші тур ойындары Алматыда өтеді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ақпанның 10-15 күндері баскетболдан ҚР Ұлттық лигасының ерлер командалары арасындағы 4-ші тур ойындары өтеді. Оны «Алматы» баскетбол клубының директоры Сергей Шмаков бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сергей Шмаковтың айтуынша, бұл байрақты бәсеке көрермендер үшін ақылы болмақ. Оны «Алматы» баскетбол клубы өз алаңында өткізетін жарыстарды өткізудің деңгейін жаңа сатыға көтеру үшін жасап отыр. «Біз бұл шараны Қазақстан спортын дамыту қорымен бірігіп жүзеге асырмақпыз. Мақсат ? халықтың жарысты тек тамашалау үшін ғана емес, одан рухани ләззат алып, демалып қайтуына мүмкіндік жасау. Қаржы дағдарысына байланысты қазір оны тек демеушілер күшімен жүзеге асыру қиындық тудыруда. Сол себепті оған енді билет сатудан түскен қаржыны да жұмсайтын боламыз. Оған көрермендерді ғана емес, ойыншыларды да ынталандыру мақсатында үздік спортшыларға сыйақы тағайындайтын боламыз», дейді «Алматы» баскетбол клубының директоры. Жалпы қазіргі таңда ҚР Ұлттық лигасында ерлер арасында Астана қаласының «Тигры», Алматының «Алматы», Қостанайдың «Тобыл», Атыраудың «Барысы» және Ақтаудың «Каспий» командалары өнер көрсетіп жүр. Ондағы ойыншылар Ұлттық құраманың негізін құрайды. Оның үшеуі «Алматы» баскетбол клубының спортшысы.