Баспалдақтағы кептеліс: Алматыда мектеп директоры қызметінен босатылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы мектептердің бірінде оқушы санының көптігінен балалардың емін-еркін өте алмай, баспалдақта кептеліп тұрған видеосы тарады.

давка
видеодан кадр

Бейнежазбадан балалардың баспалдақпен төмен түсе алмай жатқанын көруге болады.

Алматы қалалық білім басқармасының мәліметінше, бұл жағдай №41 мектепте болған.

«Осы жылдың 27 ақпанында екінші ауысымнан кейін бірінші қабатта орналасқан мектептің киім ауыстыратын бөлмесінде оқушылар көп жиналды. Мұның себебі - осы күні оқушылардың киіну процесінің дұрыс ұйымдастырылмауы. Бұрын бұл мектепте мұндай жағдай болмаған. Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады басқармадан.

Оқу процесін ұйымдастыруда бақылауды әлсіреткені үшін мектеп директоры қызметінен босатылды.

«№41 мектепте екі ауысымда 1426 оқушы оқиды, жобалық қуаты 870 орын. Осы проблемасын шешу үшін 2023 жылы Самғау шағын ауданында 2000 орындық жайлы мектептің құрылысы басталды», - деп атап өтті білім басқармасынан.