Баспана кезегінде тұрғандардың мәселесін бірден шешу үшін қанша қаржы қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі барлық қазақстандықтарды баспанамен қамтуға қажетті қаражаттың сомасын жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министр Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, бүгінде республика бойынша 487 мың адам пәтер кезегінде тұр. Ал олардың барлығын баспанамен қамтамасыз ету үшін біраз қаражат қажет.

«487 мың адамның мәселесі біржола шешейік десек, ол үшін ең құрығанда бір тұрғын үйді 110 миллион теңгеден санасақ, дәл қазір 4 триллион 887 миллиард теңге керек болып тұр. Оның үстіне инфрақұрылымын 20 пайыздан салайық. Сонда кезекті тұрған азаматтардың баспана мәселесін бірден шешу үшін республикалық немесе жергілікті бюджеттен 6 триллион теңгедей ақшаны қазір қолма-қол жұмсау қажет. Мәселе осында. Бізге дәл қазір 6 триллион теңгені берсе, қазір-ақ баспана мәселесін шешуге дайынбыз», - деді Қ.Өскенбаев мемлекеттік қызметтің жаңа форматын қалыптастыруға арналған панельдік сессияда.

Айта кетейік, Астанада «Нұр Отан» партиясының кезекті сьезі қарсаңында сан алуан тақырыптарға арналған панельдік сессиялар өтіп жатыр.

Мәселен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік аппараттың жаңа форматын қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді автоматизациялау мәселелері талқыланды. Бұл - партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасының бір бағыты. Аталған құжат ертең, 27 ақпанда Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін «Нұр Отан» пантиясының XVIII сьезінде таныстырылады.

Соңғы жаңалықтар