Баспана саудасы бәсеңдеп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық статистика бюросы елімізде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,8 %-ға азайғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баспана саудасы бәсеңдеп қалды

Ведомствоның дерекетеріне қарағанда, биылғы қазанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша тіркелген мәмілелер саны 34 336 құраған, оның ішінде жеке үйлер бойынша - 7 980, пәтерлер бойынша 26 356 құжат рәсімделген. Бұл сандарды қыркүйектегі мәліметтермен салыстырғанда (36 241) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің 3,8%-ға кемігенін көруге болады.

«Мәмілелер саны бойынша бұрынғыдай Алматы (7 133 немесе жалпы саннан 20,7%) мен Астана (5 670 немесе жалпы саннан 16,5%) қалалары көш бастап тұр. Алып сатудың ең аз саны Ұлытау облысында – 322 (жалпы көлемнен 0,9%).

Қыркүйек айымен салыстырғанда ең көп өсім қазан айында Алматы қаласында (12,5%), Батыс Қазақстан (9,3%) және Қостанай облыстарында (7,1%) тіркелді. Бір айдағы ең үлкен төмендеу Қызылорда (-36,7%) мен Түркістан (-17,2%) облыстарында болды», - деп жазды Ұлттық статистика бюросынан.

2022 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда көппәтерлі үйлердегі алып-сату келісімдерінің саны 980-ге азайды. Дегенмен, жеке үйлерге қарағанда пәтерлерге сұраныс көп, қазан айында барлығы 26 356 пәтер сатылды, бұл - мәмілелердің жалпы санының 76,8%-ы. Бір бөлмелі пәтерлер қатарынан үшінші ай сұраныста қалып отыр. Қазан айында бір бөлмелі 10 515 пәтер ресімделге, сауданың негізгі үлесі Алматы және Астана қалаларына (жиынтық үлесі – 55,4%) тиесілі, 2 бөлмелі пәтер бойынша 9 294 мәміле жасалды.

«Қыркүйекпен салыстырғанда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелерінің саны Солтүстік Қазақстан облысы (+5) мен Қостанай (+50) облыстарында ғана өсті, қалған барлық өңірде төмендеу байқалады. 2021 жылғы қазанмен салыстырғанда мәмілелер саны 22,8% -ға азайды. Ең үлкен төмендеу Шығыс Қазақстан облысында байқалды (-56,1%), теріс көрсеткіш Алматы қаласынан өзге барлық өңірде тіркелді, Алматы шаһарында мәмілелер саны өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда, керісінше, 9,1%-ға өскен», - делінген хабарламада.