Баспана, жұмыс және грант: Қазақстанда жастарға қандай мүмкіндіктер бар
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда жастар саны 6 миллионға жуықтады. Олардың баспана алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына және жаңа жобаларын жүзеге асыруына бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 12 400 жас отбасы жеңілдетілген бағдарламалар арқылы баспаналы болған.
Ал тың бастамаларын жүзеге асырғысы келетін жастарға 3 миллион теңгеге дейін грант беріледі. Жастарға арналған мүмкіндіктер туралы елордада өткен жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров айтып берді.
Бүгін астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ұлттық даму күн тәртібінде – жастар» атты сарапшылық диалог алаңы өтті.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген стратегиялық басымдықтары талқыланды.
Жиында Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров бүгінде Қазақстандағы жастар саны 6 миллионға жуықтағанын атап өтті.
– Қазіргі кезде жастар ел халқының үштен біріне жуық бөлігін құрайды. Сондықтан олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруға қатысуы және ел дамуына үлес қосуы маңызды, - деді спикер.
12 400 жас отбасы баспаналы болды
Оның сөзінше, жастарды толғандыратын негізгі мәселелердің бірі – баспана. Комитет төрағасының дерегінше, еліміздің 17 өңірінде жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарламалардың көмегімен 12 400 жас отбасы баспаналы болған.
– Сонымен қатар Отбасы банк салымшыларының 42 пайыздан астамын 35 жасқа дейінгі азаматтар құрайды. Олардың саны 283 мыңнан асады. Бұдан бөлек, ауылды жерлерге жұмыс істеуге баратын жас мамандар үшін де тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін қолдау шаралары қарастырылып отыр. Атап айтқанда, баспана алуға берілетін бюджеттік несие көлемі 10 миллион теңгеден асады, - деді Қайрат Қамбаров.
Бұдан басқа, несиелік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға арналған жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген қаражат көлемі ұлғайтылған. Баспана кезегіне тұру және тұрғын үйді бөлу үдерісі де автоматтандырылған.
Комитет төрағасының айтуынша, мұндай бағдарламалар жастардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, олардың өз өңірінде тұрақтап қалуына да ықпал етеді.
Жастардың 30 жобасына 3 миллион теңгеден беріледі
Мемлекет жастардың шығармашылық, ғылыми және кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға да қаржы бөліп отыр. Соның бірі – жыл сайын жүзеге асырылатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты.
– Бұл бастама аясында республикалық деңгейде үздік деп танылған 30 жобаға 3 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастардың тың идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік беру және олардың өз әлеуетін дамытуына жағдай жасау. Сонымен қатар елімізде дарынды жастарды ынталандыруға бағытталған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы бар. Ол түрлі салада жетістікке жеткен жастарды қолдауға арналған, - деді спикер.
Комитет төрағасы жастарға қаржылай көмек көрсетумен қатар, олардың өз бетінше дамуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру да маңызды екенін жеткізді.
Жастарды жұмыспен қамтуға қандай жобалар көмектеседі
Жастар саясатының тағы бір маңызды бағыты – жұмыспен қамту және кәсіби біліктілікті арттыру. Бұл ретте білім беру жүйесі мен еңбек нарығының байланысын нығайтуға басымдық беріліп отыр.
Қайрат Қамбаровтың айтуынша, Астанада «Жол тап» бағдарламасы, ал басқа өңірлерде «Талаптан – мүмкіндіктер алаңы» жобалары жүзеге асырылып жатыр.
– Бұл бастамалар жастардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне және жұмысқа орналасу үшін қажетті практикалық дағдыларды қалыптастыруына көмектеседі. Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуы жастардың кәсіби дайындығына жаңа талаптар қойып отыр. Осыған байланысты олардың цифрлық сауаттылығын арттыру, жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасау және инновациялық ойлау қабілетін дамыту маңызды, - деді ол.
«Таза Қазақстанға» 2 миллионнан астам жас қатысты
Жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған бастамалардың бірі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы.
Қайрат Қамбаров келтірген мәліметке сәйкес, осы бастама аясында елімізде 7 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылған. Оларға 2 миллионнан астам жас қатысқан.
– Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бір реттік сенбіліктермен шектелмеуі керек. Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау жастардың күнделікті өмір салтына айналуға тиіс, - деді комитет төрағасы.
Сонымен бірге жиында жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, мемлекеттік институттармен және бизнес өкілдерімен өзара байланысын нығайту мәселелері де қозғалды.
Қайрат Қамбаров жастардың мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланумен ғана шектелмей, елдегі экономикалық және қоғамдық өзгерістерге белсенді қатысуы қажет екенін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жастар денсаулығын нығайтуға арналған халықаралық бағдарлама іске қосылғаны хабарланды.