«Баспанаға қарай қадам бас!..» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 сәуір, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифті қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан Президенті біздің ел Иранды жақын саяси және экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын, түрлі қиындықтарға қарамастан, қарым-қатынасымыз әрдайым жақсы дамып келгенін айтты.
- Мен Иранның барлық мемлекет басшыларымен өзара сенісіп жұмыс істедім. Қазіргі Президент Х.Руханимен біз өткен жылы төрт рет кездестік. Елдеріміздің арасында ынтымақтастық үшін мол әлеует бар. Ұлы Жібек жолын жаңғырту аясында көп жұмыстар атқарылуда. Қазақстаннан Парсы шығанағына баратын теміржол экономикалық байланыстарды нығайтуға үлес қосады. Сондай-ақ, елдеріміздің арасында Каспий теңізі бойынша да өзара ықпалдастық жолға қойылған, сол арқылы бұл мәселе де өз шешімін табуы тиіс, - деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Иран Сыртқы істер министрі, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа «алтылық» елдерімен Иранның ядролық мәселесі бойынша келіссөздер өткізуге көмектескені үшін айрықша ризашылығын білдірді. Бұл материал « Иран - Қазақстан үшін жақын серіктес ел» деген тақырыппен жарық көрді.
Бас басылымда «Тасқынға - тосқын» атты мақала берілген. Биыл қардың мол түсуі, сәуір айының күрт жылынуы және орташа температурасы нормадан жоғары болуы Солтүстік Қазақстан облысындае 18 елді мекенді, республикалық және облыстық маңыздағы 300-ге жуық жол учаскелерін су басып қалу қаупін тудырып отыр. Сергеев пен Сілеті су қоймалары лықа толып тұр. Осыған байланысты Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мен облыс әкімі Ерік Сұлтанов су тасқынынан зардап шегетін елді мекендерді ұшақпен аралап, апаттық құтқару жұмыстарын жүргізумен айналысатын жедел топтардың дайындығын тексерді. Вице-министр төтенше жағдайлар туа қалған жағдайда тұрғындарға барлық көмекті көрсету міндеті қойылып отырғанын, Үкімет тарапынан тиісті жағдайлар жасалғанын атап көрсетті. Теріскейдегі үш облыста құтқару топтарын күшейту мақсатымен 1500-дей кәсіби маман жұмылдырылған. 200 техника бірлігі, 50 жүзу құралдары, авариялық-құтқару автомобильдері, мотопомпалық техникалар бөлінген. Тікұшақтар аттандырылған. Төтенше жағдайлар комитетінің судан құтқару, өрт сөндіру қызметтері сақадай-сай дайындық үстінде. Ерік Сұлтанов дәрі-дәрмектің біржарым айлық қоры жасалғанын, жолдарды, бөгеттерді су шаюдың алдын алу, оқшаулау, ауылдар мен нысандарды су басуына жол бермес үшін құрылыс, инертті материалдар қоры, ыдысқаптар, жанар-жағармай қоры жасақталғанын жеткізді.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында «ERG» компаниясының демеушілігімен қан майданға қатысқан батырларымыз туралы «Қазақстандық қаһармандар» бейнеэнциклопедиясы түсірілуде. Ерлігі елге үлгі болған батырлар жайлы бейнероликтер телеарналардан 9 мамырдан бастап көрсетілмек. 70 бөлімнен тұратын роликтердің әрқайсының ұзақтығы 6-7 минут. Партиялық жобаның аясындағы бастаманың ерекшелігі сол, барлық қаһарман қазақстандықтардың тарихы бір циклға жинақталып отыр. Жобаға сценаристер мен режиссерлердің кәсіби тобы және тарихшы-кеңесшілер тартылған. Тарихшы-кеңесшілер тобына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ғабит Кенжебаев жетекшілік етуде.
Жобаның мақсаты - майдангер-отандастарымыздың мәңгі ұмытылмайтын ерлігін жас ұрпаққа таспаға жазып қалдыру. Телекөрермендер халыққа белгілі Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметовалардың ғана емес, сонымен қатар жұрттың көбі біле бермейтін Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген қазақстандықтардың өмірі мен ерлігі туралы қызықты деректермен танысады. Мақала «Қазақ қаһармандары туралы фильм» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Баспанаға қарай қадам бас!..» атты тақырыппен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қарашүкеевпен арадағы сұхбат жарияланды. «Ең алдымен, жастар біздің банкке келіп, шартқа қол қоюы тиіс. 10 немесе 20 мың болсын, ең төмеңгі соманы жинақтай беруі шарт. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалға берілетін пәтерлер салынып жатыр. Оған үлкен мөлшерде қаражат құйылуда. Ол бағдарламаға қатысуға да жастардың мүмкіндігі бар»,-дейді Қарашүкеев өз сөзінде. Осы сұхбатта банк өкілі баспаналы болу жолында жасалатын қадамдар жайында егжей-тегжейлі түсіндіріп берген.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Батыр атағына ұсынылған жауынгер дерегі жетпіс жылдан кейін белгілі болды» деген мақала басылды. «Жақында кезінде білім беру саласында басшылық қызметтер атқарған, аймағымызға абыройлы Шәміл Кәкішевтің шаңырағында болып, оның ғибратты әңгімелерін тыңдаудың сәті түсті. Сол әңгіме барысында бізді тосын бір жаңалық ерекше елең еткізді. Енді ше? Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен ағасы Жәміл Жұмашевтың Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғандығы таяуда ғана белгілі болған! Жетпіс жылдан кейін жеткен бұл хабарға таңданбай көріңіз!..»,-деп жазады мақала авторы.