Баспананы жалға алған жас отбасы айына қанша ақша төлейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жастарға берілетін жалдамалы пәтер үшін отбасы айына 12 мың теңге төлеп тұратын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспананы жалға алған жас отбасы айына қанша ақша төлейді

«Жас адамның өмірлік кезеңі бар. Ол білім алады, жұмысқа тұрады және содан кейінгі мәселе - оның шаңырақ көтеруі. Бізде ажырасу деңгейі жоғары болып тұр. Баспана отбасындағы негізгі проблема болмаса да, солардың бірі екендігі түсінікті. Биыл жалдамалы пәтерлер бағдарламасын іске қостық. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әрқайсысында 1 мыңнан пәтер беріледі. Оған сатып алу құқығы берілмейді. Жас отбасы аяғынан тұрып кеткенше мүмкіндік жасалады. Бізде «7-20-25», Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі, «Бәйтерек» желілері бойынша мемлекеттік бағдарламалар бар. Бірақ, олардың барлығында да баспана алу үшін бастапқы қаражат жинау қажет. Ал тапқан табысыңның бәрі пәтер жалдауға кетсе, қалай қаражат жинай аласың?», - деді Жұлдыз Омарбекова.

Осы орайда вице-министр жастарға жалдамалы пәтер беруге арналған бағдарламаны теңдесі жоқ акция деп санайтынын айтты.

«Қыркүйекте құжат жинау басталады. Баспана алу ережесі біздің сайтымызда 1 тамызда жария етіледі. Бұл - ең алдымен 29 жасқа дейінгі азаматтарға берілетін мүмкіндік. Егер оның отбасы болса немесе қарауында мүгедек ата-анасы не мүгедек баласы болса, онда қосымша бонус беріледі. Жалдамалы пәтер 3-тен 5 жылға дейінгі мерзімге арналған. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен және басқа да министрліктермен шарттар жасалып жатыр», - деді ол.

Сонымен қатар ол жастар жалға алған пәтерге ай сайын төлейтін болжамды соманы атады.

«Сіз жалдамалы пәтерге айына шамамен 10-12 мың теңге төлейсіз. Бұл - ақша жинауыңызға мүмкіндік беретін сома. Пәтер алу үшін ең маңызды шарт - Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен есепшот ашу, мемлекеттік бағдарламаға қатысу. Яғни, біз баспана сатып алғыңыз келетінін, қаржы жинап жатқаныңызды көруіміз керек. Бағдарлама өмірді енді бастаған жас отбасылар мен жастарды қолдауға арналған. 3-5 жылдың ішінде ипотека алу үшін ең төменгі жарнаны жинауға болады. Одан кейін ол отбасылық немесе еңбек жолын жаңа бастаған, көмекке мұқтаж келесі жастарға пәтерді босатып беруі тиіс», - деді вице-министр.