Баспанасын жалға бергендерге айыппұл салынады - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 маусым, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Баспанасын жалға бергендерге айыппұл салынады - баспасөзге шолу

***

«Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербург халықаралық  экономикалық форумы аясында екіжақты кездесулер өткізіп, ынтымақтастықты дамыту төңірегінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі барысында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ, қарым-қатынасты одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пан Ги Мун халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Экономикалық прагматизмге басымдық берген абзал» деген тақырыптағы мақаласында.  Басылымның жазуынша, Петербург халықаралық экономикалық форумының жалпы отырысына келетін болсақ, онда сөз сөйлеген  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы уақытта төрткүл дүниенің жаһандық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқандығына  жан-жақты тоқталды. «Әлем сегіз жылдан бері тынымсыз сапырылысқан толқын мен дағдарысты бастан өткізіп келеді. Әлемдік экономиканың өсіміне қатысты ең ұстамды деген болжамдардың өзі  орындалмай жатыр.  Таяу жылдарғы  жаһандық экономиканың өсіміне арналған сарапшылардың бағасы тұрақты түрде төмендеп келеді. 2016 жылға дамушы экономикадан капиталдың сыртқа ағылуы рекордтық деңгейде, яғни 450 миллиард доллар шамасында болжанып отыр. Сонымен қатар, экономиканы дамытуға капитал құю да оның қосымша өсіміне кепіл бола алмайды», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

 

Қазақтың ұрпақ өсіруде өзіндік үлгі-өнегесі, салт-дәстүрі, тыйымы болған. Соны үлкендердің ақыл-парасатымен тиянақты орындап, ұл-қыздың жібектей есіліп тұруына жол ашқан. Кейін осы бір қасиет заманға қарай сирексіп, еркіндікті еркелік деп ұғып, бала тәрбиесін босаңсытып алғанымыз ақиқат. Кейде оның залалын да тартып қаламыз. Соның бірі жетімдер мәселесі дер едік. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аласапыранда етек алып, естен тандыра жаздады. Оған 1998 жылы қабылданып, 1999 жылдың басынан күшіне енген «Неке және отбасы туралы» заңдағы олқылықтар да себепкер болғанын несін жасырамыз. Кейін бұл түзелді. Бірақ жетімдер мәселесі толық шешілді дей алмаймыз. Бұл жайында еліміздің бас басылымындағы «Жетімін жылатпаған жұрт» деген тақырыптағы мақалада кеңінен қозғалған. Мақала авторының жазуынша, жетімдер мәселесін шешуді дұрыс жолға қою мақсатын ел азаматтары да соңғы уақытта қолға ала бастады. «Оның айқын дәлелі, 2013 жылы құрылған «Ана үйі» қоры дер едік. Жақында осы қордың ұйытқы болуымен елордада «Бала асырап алуды қолдау орталығы» жобасы бойынша басқосу өтті. Ол Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен болды. Жиында, аталмыш қордың алғашқы идеясын ұсынған, кейін оның орнығуына өзіндік үлесін қосқан Айдын Рақымбаев жүргізіп отырды. Жалпы, «Ана үйі» қоры мен министрлік арасында  бекітілген меморандумда көрсетілгендей, еліміздегі әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, жетімдерге арналған мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балалар санын азайту, сондай-ақ, әр ұл мен қыздың мүддесін қорғайтын мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, соған барынша үлес қосу», - делінген мақалада.

***

Алматыда пәтерін жалға беретіндерге айыппұл салынуы мүмкін. Бұл жайында «Время» газетіндегі «Живи - не радуйся» деген тақырыптағы  мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, оңтүстік астанадағы пәтерлердің 30 пайызға жуығы жалға беріледі екен. Бұған қоса, көпшілігі Алматыға келіп, мемлекеттік бағдарлама арқылы жалдамалы пәтер алып алғаннан кейін оны жалға беріп, өзі үйіне қайтып кетеді екен. Осыған орай таяу уақытта заңнамаға өзгерістер енгізілмек. Онда пәтерін жалға беретіндерге жауапкершілік қарастырылмақ. «Егер тұрғын үй испекциясы тексерген кезде мұндай фактіні анықтайтын болса, онда оған айыппұл салынады. Мәселен, ол пәтерін 60 мыңға жалға берсе, айыппұл одан төрт есе көп болуы мүмкін», - деді Алматы қалалық баспана және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бастығы Қайрат Нұрқаділов.

***

Қазақстанда қоғамдық денсаулық қызметін құру жоспарлануда. Бұл жайында «Казахстанская правда» газетіне сұхбат берген еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім еткен.

«Біріншіден, біз қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құруды жоспарлап отырмыз. Бұл (ЭЫДҰ) елдерінің озық тәжірибелерінің негізінде және Дүниежүзілік банк пен ДДСҰ сарапшыларының ұсынымы бойынша қолға алынбақ. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінде санитарлық-эпидемиологиялық, саламатты өмір салты және дұрыс тамақтану қызметі интеграцияланады да оның аясына: инфекциялық және негізгі инфекциялық емес ауруларды эпидемиологиялық қадағалау мен мони-торингті қамтамасыз ету; сектораралық өзара әрекеттестікте сауықтыру іс-шараларын кеңейту және үйлестіру мен қамтамасыз ету; қоршаған ортаның зияны туралы сауықтыру, дұрыс тамақтану мен саламатты өмір сүруге қатысты іс-шараларға қатысты тұрғындарға ақпарат беру және азаматтардың оларға араласу белсенділігін арттыру. Екіншіден, ауруға алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде басымдық беру және басқаруды қамтамасыз ету», - деді ол.